Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Жолдауында ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауарын 40 пайызға экспорттауды тапсырды. Ол үшін жаңғырту жұмыстарын жалғастырып, отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру керек. Заман талаптарына сай жұмыс істейтін кәсіпорындардың бірі – Солтүстік Қазақстандағы бидайды терең өңдейтін заманауи диірмен кешені. Кәсіпорын индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған.

АНАТОЛИЙ ЛУКАШОВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:

Бидай Солтүстік Қазақстан облысынан жиналады. Ұн, ұнтақ жармасы, кебек Қазақстан бойынша және Ресейдің Екатеринбург, Челябі, Омбы қалаларында сатылады. Сонымен қатар, Ауғанстан, Өзбекстан елдерінің нарығына шықтық.

Кешен ұжымымен өңірге жұмыс сапарымен барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед кездесіп, Елбасы Жолдауының басым бағыттарын баяндады.

МҰХТАР ҚҰЛ-МҰХАММЕД, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Елбасымыз өзінің Жолдауында ауыл шаруашылығы саласы экономикамыздың алға жылжытудың қуатты күші болу керектігін атап көрсетті. Егер жаңғыртудың алғашқы кезеңінде кәсіпорындар енді ғана ашылса, екінші кезеңде олар жаңа құрал – жабдықтар сатып алып, өнім өндіруді ұлғайтты. Енді үшінші кезеңде технологиялық модернизация жүріп жатыр.

Индустрияландыру картасының тағы бір жемісті жобасы – қоқыс өңдеу зауыты. Кәсіпкер тұрмыстық қалдықтардан шелек, ыдыс-аяқ, киім ілгіш секілді халық тауарларының 280 түрін шығарады. Өнімі шетелде зор сұранысқа ие. 2016 жылы олар 2 млрд теңгенің тауарын шығарыпты.

МҰХТАР ҚҰЛ-МҰХАММЕД, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Міне аудан орталығындағы шағын кәсіпорынның өзінде 200-ге жуық өнім шығарылады. Және ол Қазақстанда ғана емес, шетелде, мына көрші Ресейде де сатыла бастаған. Бәсекеге қабілеттілік деген осы. Егер үлкен кәсіпорындарда дәл осындай жақсы технологиялық деңгейде дамитын болса, олар жаһандық рынокты еркін меңгере алатын болады. Елбасы жолдауының басты мақсаты да осы.

Солтүстік Қазақстан облысында шығарылатын тауарлардың бренді қалыптасты. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі өрге басып алыс-жақын елдерде, тұтынушыларын тапқаны қуантады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер