Атыраулық оқушылар «EXPO» халықаралық көрмесіне өз жобаларын ұсынды. Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен өнертапқыштар байқауына жиырмадан астам шығармашылық топ мүшелері атсалысты. Оқушылар жаһандық экологиялық ауытқушылықтардың алдын-алу мен қуат көзін үнемдеуге қатысты тырнақалды жобаларын көпшілікке таныстырды. Мәселен, бір топ шәкірт жел мен күннің қуатын пайдалану арқылы жұмыс істейтін аттракционның жобасын ұсынды. 

ЖАНАР САЛАМАТҚЫЗЫ, ОҚУШЫ:

Біз осы аттракционды Атырауға салғымыз келеді. Себебі «Мерей» орталығының қасындағы орын бос қалған. Ол жерде баяғыда «Мир фантазиий» дейтін парк орналасқан. Біз опрос жасай келе біздің таныстарымыздың көбі парк салынғанын қалайды.  Осының арқасында біздің Атырау одан сайын гүлденіп, дамиды деген ойдамыз.

АЙДАРБЕК АЙТБӨКЕШОВ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жалпы, балалардың бүгінгі таңда осы әлемдегі болып жатқан түрлі өзгерістерге бей-жай қарамайтындығы, қандай да болмасын бүгінгі таңдағы қиыншылықтарға, проблемаларға шын мәнінде көңілмен, дұрыс көзқарас орнатқандығы байқалады. Бұл өз кезегінде оқушылардың бойында шығармашылық, зерттеушілік әрекеттерін көтереді деген сенімдеміз.

Ал елордалық оқушы Аймен Нұржан «EXPO» көрмесінің қонақтары үшін арнайы мобильдік қосымша әзірледі. Оның көмегімен келушілер павильондардың қалай орналасқанын және көрме маңында қандай ойын-сауық орталықтар бар екенін біле алады.

АЙМЕН НҰРЖАН, ОҚУШЫ:

Мен осы «EXPO-2017» көрмесіне, Астананың дамуына үлесімді қосқым келді, осы үлесімді қосайын деп, «EXPO-2017» туралы мобильдік бағдарлама жасадым. Бұл келген қонақтарға көмегін тигізеді, келген қонақтар осы бағдарламаны өздерінің телефондарына жүктейді деп ойлаймын.

Жақын арада «Астана ЭКСПО» компаниясының өкілдері Айменге көрме нысандарының нақты қалай орналасатыны жайлы мәліметтер жіберуі тиіс. Оған дейін жас өнертапқыш мобильді қосымшаның тек қазақ тіліндегі емес, орыс және ағылшын тілдеріндегі нұсқаларын әзірлеп қоймақшы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер