Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті - Елбасы қоры түрлі сала үздіктерін марапаттады. Жеңімпаздарға арнайы төсбелгімен қатар, қаржылай сыйақы табысталды. Қарағандылық Сержан Мұсайын халық фольклорын жанғыртуда қосқан үлесі және орындаушылық шеберлігі үшін  ерекше құрметке бөленді. Қазақтың киелі өнері жыршысының дәстүрлі әндерді шырқап жүргеніне 20 жылдың жүзі болыпты.

СЕРЖАН МҰСАЙЫН, ҚОР СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

Президент қоры өнерімді бағалап, осындай лауреат атағын беріп отыр.  Соған тәнтімін және де осы өнерде жүрген келешек дәстүрлі орындаушылар осындайға жол ашық және осындай жетістіктерге жетулеріне тілектеспін.

Топ жарған үздіктердің қатарында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқытушысы Нұргүл Әділова бар.  Ғалымның мұнай қалдықтарын кәдеге жаратуға бағытталған өнертабысы өз аталымында көш бастады.

НҰРГҮЛ ӘДІЛОВА, ҚОР СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

Біздің батыс өңірінде мұнай шыламы көп өңделетін болғандықтан сол жобаға назарымыз ауып, ары қарай жұмыстарымызды жасап, «Стройкомбинат» деген мекемеде өндіріске енгізіліп, кішігірім болса да өнім алып көрді және жақсы нәтижелер дәлелденді.

Жалпы, қордың биылғы сыйлығына ел бойынша 130-ға тарта үміткер өтініш білдірген. Қазылар 18 лауреатты жүлдеге лайық деп шешті. Бұл игі іс жас ғалымдардың, мәдениет және өнер қайраткерлерінің шығармашылық қызметін ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған.

СҰЛТАН АЙТЖАНОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ - ЕЛБАСЫ ҚОРЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұның мақсаты жастарымызды қолдау, жастарымызға осыны нақтылап көрсету, дәлелдеу, не үшін істеліп жатқанын, оның еңбектері бос емес екенін. Басқа да жастарға үлгі-өнеге болу. 

2008-ші жылдан бері тағайындалып келетін қор сыйлығы бүгінге дейін 160-тан астам озық жоба өкіліне бұйырған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер