Елордада «Жапон көктемі» халықаралық фестивалі кезекті рет салтанат құрды. Кеш қонақтары  Күншығыс елінің  нәзік  сарынды өнерінен сусындаумен қатар, есімдері әлемге мәшһүр композиторлардың шығармаларын тыңдады. Бастысы, тыңдарманның құлақ құрышын қандырған  сұлу да, сиқырлы әуез бұл жолы саусағынан саз төгілген, көмейіне бұлбұл ұялаған отандық сахна саңлақтарының орындауында шырқалды.

СҮНДЕТ БАЙҒОЖИН, «АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫНЫҢ СОЛИСІ:

Өзіміздің өнерді басқа халықтардың өнері арқылы таныстырамыз және өзіміздіңі орындауымызда көрсетеміз. Опера бүкіл әлемдік өнер болып табылады. Сол себепті біз көп тілде ән айтуға тырысамыз. Бүгінгі бағдарлама өте қызықты болады. Өйткені жаңа шығармалар орындалады. 

Кеш бойы симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен таңдамалы туындылар орындалды. Саф өнер опера әлемінде еліміздің атын асқақтатып жүрген жезтаңдай әншілеріміз – Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев, Мейір Байнеш пен Андрей Трегубенко тұңғыш рет бір сахнада квартет құрды.

Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры әуезді кештің көркін аша түсті.  Тимур Орманшиев бастаған «форте трио» ансамбіліде көрерменді өзіндік әуен тіліне бөледі.

ТИМУР ОРМАНШИЕВ, ҚР ҚҰРМЕТТІ ҚАЙРАТКЕРІ:

Біз қос ел мәдениетінің үндестігін табуға тырыстық. Бұл шара  қазақ және жапон өнерінің сабақтастыруға арналған. «Жапон көктемі» фестивалі осымен 6 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Жылына екі мәрте өтеді.  Бұл шараны көктемде – Астана, ал күзде Алматы қаласы қабылдайды.

Биылғы фестивальді ашқан бағдарламаға поэзия кірістіріліпті. Кино және театр актерлері танымал қазақ, жапон, еуропа ақындарының жыр шумақтарын оқыды. Ұйымдастырушылар алдағы күзде жалғасын табатын дәстүрлі шараға Жапон еліннің өнерпаздарын шақыруды жоспарлап отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер