Қазақстанда мұнай өнімдері онлайн сатылымға шығарылмақ. Мұндай ақпарат Энергетика министрлігінің алқа отырысында жарияланды. Ведомство өкілдері 2018 жылдан бастап сұйытылған газ  электронды биржа арқылы саудаланатын болады деп отыр. Кейін барлық мұнай өнімдері дәл осы жүйе арқылы сатылады. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, мұндай тәсіл мемлекеттің кәсіпкерлікке ықпалын барынша азайтпақ. Мұнымен қоса, алдағы уақытта мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесін енгізу көзделуде. Мақсат – жүйені жаңғыртып, өндірілген мұнай көлемін есепке алуды автоматтандыру. Сондай-ақ, тың әдіс мұнайды тасымалдау кезіндегі техникалық шығындарды есептеуге мүмкіндік бермек.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Сандық технологияларды қолданудың арқасында   жаңа сапаға қол жеткіземіз.  Осы орайда мәліметтерді автоматтандырылған тәртіпте жинау, өңдеу және пайдалану үшін мұнайды есепке алудың ақпараттық жүйесін енгізу жоспарлануда. Мұндай ашық жүйе саладағы көлеңке әрекеттердің жолын кесуге мүмкіндік береді. 2017 жылы заңнамаға тиісті түзетулер әзірленбек. Ал  2020 жылдан бастап ол барлық кен орындарында қолданыла бастайды.

Министрдің айтуынша, елімізде цифрлық технологияларды пайдаланудың нақты әрі сәтті үлгісі бар. Ол – «Қуат» кен орны. Бағдарлама өзге де кен орындарында енгізілуде.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Бұл бағдарламаның арқасында мұнай және газ өндірісін автоматтандыратын боламыз. Сондай-ақ, өндіріс көлемін 2-5 пайызға ұлғайтып, құрал-жабдыққа жұмсалатын шығынды 10 процентке азайтамыз. Осылайша, энергия тиімділігін 20 пайызға арттыратын боламыз.

Мұнымен қоса, министрлік жер қойнауын пайдаланушыларды қолдау бойынша нақты шаралар ұсынып отыр. Біріншіден, жер қойнауын пайдалану құқығын алу ісін жеңілдету көзделуде. Құқықтық және экономикалық сараптама саны да азаймақ. Қажетті жобалық құжаттардың тізімі қысқарып, оларды қарастыру мерзімін азайту жоспарда бар, -деді тиісті ведомство басшысы. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер