Қазір ұлттық киімдер нарыққа көптеп ұсыныла бастады. Жаңа стильде, ұлттық нақышта тігілген киімдерге сұраныс та бар.

Айман Жүнісова тігіншілікті жанына бала кезден серік еткен. Жұмыстан бос уақытында тігіншілікпен айналысады.  Әсіресе ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен көмкерілген дүниелерді жасағанды ұнатады.

АЙМАН ЖҮНІСОВА, ШЕБЕР:

Ою-өрнек қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық бір өнері, қолөнері. Соны біз, ата-бабамыздан келе жатқан дүние ғой. Шешемнен маған ауды. Енді соны мына өсіп келе жатқан жасөспірімдерге үйретсем екен деймін. Енді Алла жазса, қолымнан келсе, курс сияқты бірдеңе ашып, жастарға үйретсем деймін.

Бұл кәсіпке ынта-ықылас қойып, арманына қол жеткізген жандардың бірі - Жұлдызай Нұрышева. Ол осыдан екі жыл бұрын тігін шеберханасын ашып, қазақы киім тігумен айналыса бастады. Еуропалық үлгідегі киімдер көпшілікке таңсық емес дейді. Ұлттық нақышты заманауи үлгімен үйлестіре білген маманның ендігі арманы сән әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдыру.

ЖҰЛДЫЗАЙ НҰРЫШЕВА, ДИЗАЙНЕР:

Өзіме қазақи киім тігіп, оқу орныма келгенімде жастардың басым бөлігі таң қалды. Тапсырыстардың барлығы содан басталды. Студенттердің ұлттық киімдерге қызығушылықтары уақыт өткен сайын артып келеді. Сондықтан шамамыз келгенше, жаңа үлгідегі дүниелерді молынан жасауға тырысамыз.

Тігіншінің сан қырлы мәнерлермен құбылта тіккен ұлттық киімдердің түр-түрі бар мұнда. Шапан, қамзол, кәшекей, сәукеле сынды дүниелер көздің жауын алады. Сәнді де сапалы болғандықтан, әдейі келіп тапсырыс беретіндер де бар.  Күнделікті өмірде ғана емес, сән әлемінде де ұлттық киімнің үлесі артуда. Оған Петропавлда өткен  «ЭТНО-FASHION» фестивалі дәлел. Байқауға 11 этнобірлестіктің өкілдері қатысты. Олар өздерінің ұлттық мәдениеті мен құндылықтарын паш етті. 

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, ҚОҒАМДЫҚ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазір «ЕХРО – 2017» болайын деп жатыр. Олар көптеген сұраныс. Осы ұлттық киімді қай жерден сатып алуға болады деп жатыр. Сондықтан қазіргі индустрияда мен ойлаймын және біз өзіміз өзіміздің үлесімізді қосқымыз келеді. Ұлттық киімді біз халықаралық аренаға шығаруымыз керек. Біздің ұлттық брендіміз болуы керек.

Ұлттық киімде тәрбие бар. Ер азаматтарымызға айбат, ал қыз-келіншектерге көрік беретін бұл киімдер бүгінгі күні сән индустриясында ерекше орын алатыны анық. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер