Әлемде Қазақстанға, еліміздің мәдениеті мен тіліне, салт-дәстүрлеріне деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Осыдан 2 жыл бұрын ашылған «Сөйле.кз» порталының мәліметтері соның дәлелі бола алады. Ашылғалы бері оны дүниежүзінен 1,5-2 миллион адам пайдаланып, қазақ тілін үйренген екен. Пікір қалдырғандардың бірі - Венгрия азаматы «Қазақстанда туысқандарым бар, солармен кездескенде қазақша сөйлеп оларды таңқалдырғым келеді»-депті. «Сөйле.кз» порталында қазақ тілін скайп арқылы да үйренуге мүмкіндік жасалған.

АЗАТ ШАУЕЕВ, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Скайп бойынша бүгінгі таңда 200-ге жуық азамат қазақ тілін күнделікті оқып жатыр.

Жақында жобаның мобильді қосымшасы жарық көрді. Оны телефонға жүктеу арқылы оқырмандар «Абай жолы» романын оқып, қазақ тілін үйрететін курстарды тегін пайдалана алады. Бүгінде Android және iOS платформаларының 30 мың қолданушысы «сөйле» қосымшасын жүктеген.

Ал Ыстамбұл қаласында қазақ тарихынан сыр шертер кітаптар көпшілік назарына ұсынылды. Халықаралық кітап жәрмеңкесінде Түркиядағы қазақ диаспорасының қолдауымен түрік тілінде жарық көрген «Халифа Алтай» және «Қаралы көш» кітаптары таныстырылды. «Енді түрік оқырмандары Алтайдан Анадолыға жеткен қазақ көшінің тарихы мен жол бастаған белгілі дін және қоғам қайраткері Халифа Алтайдың шығармашылығымен жақыннан танысуға мол мүмкіндік алып отыр», дейді  тарихшы Әбдіуақап Қара.

ӘБДІУАҚАП ҚАРА, МИМАР СИНАН КӨРКЕМӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

2017 ғұламаның туғанына 100 жыл толып отыр. Кітап та соған арналып шығарылды. Енді осы ғұламаның тек қазақтардың арасында ғана емес, бүкіл түркі дүниесіне танылуы үлкен мақтаныш. Бұл кітапта қазақтың көш тарихы бар. Халифа Алтай тек ғұлама ғана емес, сол көштің басында жүріп, кейде жетекшілік еткен. Сондықтан бұл кітапта қазақтардың Түркияға көшуі кеңінен қамтылған. Бұл кітаппен танысқан оқырман ғұламаның діни қызметін ғана емес, Қазақстанның, қазақтың тарихымен де танысады.

Дубайлықтар да қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татып, салт-дәстүрімен танысты. Халықаралық Fashunity (ФашУнити)– 2017 көрмесінің қонақтарын тандай қақтырып тамсандырған қазақстандық павильон «Әмірліктегі қазақтар» ұйымының қолдауымен өтті. Қонақтар бұл жолы Мексика, Аргентина, Әзірбайжан, Украина секілді 20 шақты мемлекеттің мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды. Халықаралық көрме жыл сайын Мұхаммед Әл Рашид атындағы Ислам мәдениет орталығының бастамасымен өткізіліп келеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер