Кеудесінде жаны бар, бірақ сана-сезімінен айрылған адам. Елордалық Горький атындағы академиялық орыс драма театрында «Мәнгүрт. Мәңгілік құл» спектаклінің тұсауы кесілді. Жаңа қойылымның Шыңғыс Айтматовтың сипаттамасындағы кейіпкермен тікелей байланысы жоқ. «Ғасырдан да ұзақ күн» атты  романынан үзінді бар. Тек ол көрініс арқылы өрбіген оқиғалар адамзат ұрпағының ділі мен дінінен, ұлттық құндылықтарынан безіп, ар ұяттан қалған сәтте кешер күнін  көрсетеді.

БАРЗУ АБДУРАЗЗАКОВ, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР, /ТӘЖІКСТАН/:

Сценарийдің негізгі тақырыбы – террор. Бірақ мен қалың жұрт алдында өзін жарып жіберген ланкестік әрекетті емес, бұндай қаскүнемдікке баратын адамның сана-сезіміне терең бойлауды ұйғардым. Бұл ақыл-сананың арбалуы, идеологиялық, менталды террор деп білемін. Адамгершілік қасиеттерінен  арылған адам мәңгүртке айналады. Ақ-қара, жақсы-жаманның ара-жігін ажырата алмайды. Бұның бәрі зиянды заттарға әуестену сынды кішігірім әрекеттерден бастау алады.

Қойылымда  түйенің терісінен жасалған «кепешті» кимей-ақ, тегін ұмытып, ішіп-жеуге, қара жұмыс атқаруға ғана қабілетті адамдар сыналады. Режиссер бір сахнада түрлі уақытта жазылған классикалық туындыларды тоғыстырған. Спектакльге Шыңғыс Айтматовпен қатар, тақырыпқа сай Альбер Камю, Венедикт Ерофеев, Евгений, Шварц пен Уильям Шекспирдің өшпес шығармаларынан үзінділер кірістірілген.

СЕРГЕЙ МАШТАКОВ, ТЕАТР АКТЕРІ:

Мен үшін ең қиыны мәңгүрттің кім екенін түсу болды. Оның  өшірілген санасы,  ішкі сезімі, жан дүниесінің күйзелісін сомдау оңайға соқпады. Бұл орайда арнайы шақыртылған тәжікстандық маманның көмегі зор болды. Оның көзқарасындағы мәнгүрт жаһандық мәселелерді қозғайды. Көрерменін терең ойға шалдыра біледі. Менің 6 жылдық актерлік тәжірибемде ерекше орын алатын рөлім болды деп айта аламын.

 Жазушы, драматург  Барзу Абдураззаков шығармашылық жолында 100-ден астам спектаклді сахналапты. Режиссердің Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Франция, Германия елдерінде бірқатар туындылары қойылған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер