Лондонда «Қазақстан мұнайы мен газы: барлау, өндіріс және сауда мүмкіндіктері» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Шара қазақстандық мұнай мен газ өндіру және өңдеу саласына инвестиция тартуға себепші болады деген мақсатпен ұйымдастырылды.

ӘСЕТ МАҒАУОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Инвесторлардың қатысуымен өтіп жатқан бүгінгі басқосуда екі заң жобасының негізгі талаптары таразыланып жатыр – рәсімдерді жеңілдету қай бағытта өрбитіні айтылып, салық заңнамасындағы негізгі өзгерістерге тоқталып жатырмыз. Әрине, көптеген мәселелер тиісті министрліктерде әлі де талқыланып жатыр. Бірақ біршама өзгерістер бар және инвесторлар осы жеңілдіктерге қызығушылық танытады деген сенім бар.

Сарапшылардың пайымдауынша, британиялық инвесторлар Теңіз-Шевройл, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі жобалармен қатар, шағын кен орындарында да жұмыс істегісі келеді. «Өйткені түрлі жеңілдіктер мен артықшылықтар Қазақстан экономикасына ақша құюға ынталандырып отыр»,-дейді олар.

ЭШЛИ ШЕРМАН, WOOD MCKENZIE КОМПАНИЯСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Бүгінгі таңда энергетика министрлігі және үкімет тарапынан салық саясаты мен реттеуші реформаларға қатысты жүргізіп жатқан талқылаулары бұрыннан бар инвесторлармен қатар жаңаларына да оңынан ықпал етіп жатыр. Бұл - Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын одан сайын арттыра түсетіні анық.

Конференция аясында Еуразиялық әйелдер энергетикалық клубының тұсауы кесілді. Клуб Қазақстан әйелдері энергетикалық клубындағы нәзік жандылардың күшімен құрылып отыр. Ұйым мүшелерінің барлығы Ұлыбритания энергетика саласында еңбек етеді.

АЙЗАДА АҚҚАЙСИЕВА, «ҚАЗМОРТРАНСФЛОТ» ҰТКК АҚ ҚАРЖЫ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің ойымызша бұл ұйым шекарамызды кеңейтетін бірден-бір орынға айналады. Тәжірибе алмасып, қазақстандық әйелдердің біздің компаниялардың топ-менеджментінде қызмет етуге мүмкіндік жасалатын болады.

Іс-шара Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі қолдауымен өтті. Ұйымдастырушылар қазақстандық және шетелдік мамандарға өзара ақпарат алмасуға мол мүмкіндік жасады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер