Химия ғылымдарының кандидаты Нұрбол Аппазов мұнай өнімдерінен шығатын улы қалдықтарды терең өңдеуді ұсынады. Ол бензин, дизельден шығатын улы қышқылды заттардан арнайы процесс арқылы пайдалы пропилендер алудың тәсілін ұсынып отыр. Яғни зертханалық жолмен алынған элементтерден шыбын-шіркей, масадан қорғанатын препараттар жасалады. Сондай-ақ, тағы бір компоненттерін тағамды ұзақ сақтау үшін қолдануға болатын қоспа жасауға пайданауды ұсынады.

НҰРБОЛ АППАЗОВ, «ФИЗИКА-ХИМИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ӘДІСТЕРІ» ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазіргі таңда ҚР патент алуға өтінім беріп қойдық. Алдағы уақытта ғылым комитетінің қолдауымен болатын гранттық қаржыландыру конкурстары болады. Соларға қатысып, зерттеулер жүргізуге ұсыныс береміз. Егер сол конкурстан өтіп жатсақ, алдағы уақытта өндіріске жылжыту ойымызда бар.

Тағы бір қызылордалық жас ғалым Нәзігүл Сәтбаева күнделікті қоқысқа тасталатын полимер ыдыстар мен полиэтилен қаптамалардың топырақта жүз жыл бойы шірімейтінін айтады. Ізденуші аталған тұрмыстық қалдықтардан химиялық реакциялар арқылы көлік доңғалағының желімін және жиһаздың беткі қабатын сырлайтын бояу жасаудың жолын тауып отыр.

НӘЗІГҮЛ СӘТБАЕВА, «ФИЗИКА-ХИМИЯЛЫҚ ТАЛДАУ ӘДІСТЕРІ» ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:

Қазіргі таңда жүріп жатқан процесс-эпоксидтеу деп аталады. Бұл процесс 75-95 градус арасында 4 сағатта жүргізіледі. Осы өнімнің нәтижесінде эпоксид шайырын аламыз. Эпоксид шайыры тұрмыста көп қолданылады. Яғни желім ретінде қолданылады, лактар ретінде қолданылады.

Ел экономикасын алға сүйрейтін индустриялды-инновациялық жобаларға ұдайы ғылыми жаңалықтар енгізілсе ғана, жемісі еселей түспек. Осы ретте Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен ашылған ғылыми-техникалық зертхана қызметкерлерінің отандық өндіріске қосар тың жаңалықтары көп болмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер