Қазақстан алғыс айту күнін атап өтіп жатыр. Бұл күнді мерекелеу туралы бастама елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. 1 наурыз –Қазақстандағы халықтардың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күні. Осы датаның таңдалуы бекер емес. Бұл күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған. Жалпы 20-ғасырдың басында қазақ жеріне 5 жарым млн-нан астам адам жер аударылған. Сол жылдары қазақ халқы қуғын-сүргінге ұшыраған ұлттарға көмек қолын ұсынды. Сол себепті де этномәдени орталықтардың өкілдері бүгінде «Алғыс айту күні қазақстандықтарды бір-біріне жақындастарып, біртұтастықты нығайта түседі», – деп санайды. Алғыс айту күні –барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл мереке елордадағы «Вайнах» этномәдени бірлестігінде де атап өтілді.

САЛМАН ГЕРОЕВ, «ВАЙНАХ» ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз шын жүректен қазақ халқына алғыс білдіреміз. Осында Отанын тауып, барлығы бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан этностардың бір-біріне деген алғысы шексіз. Ал қазақ халқына ризашылығымыздың белгісі болсын деп Мешіт тұрғыздық.

Шешен, ингуштардың Қазақстанға және Орта Азияға жер аударылғанына 73 жыл толды. Осыған орай Астанадағы Мемлекеттік мұрғатта «Өткенді ұмытпаңыз» атты көрме өтті. Онда алғаш рет құпия құжаттар көпшілік назарына ұсынылды. Оның ішінде Ішкі істер халық комиссары Лаврентий Берияның Сібір, Кавказ тұрғындарын Қазақ және Қырғыз ССР-ына көшіру жайындағы хабарламалары, баяндамалары, шешендер мен ингуштардың отбасылық суреттері бар.

ЖАНАГҮЛ ТҰРСЫНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ МЕМЛЕКЕТТІК МҰРАҒАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

1944 жылы 31 қаңтарда шешендер мен ингуштарды қазақ жеріне қоныстандыру туралы қаулы шықты. Нәтижесінде 400 000 адам жер аударылды. Қазақ халқы барлық ұлт пен ұлысқа құшағын жайды. Қолындағы бір үзім нанын бөліп берді, тұрып жатқан үйін бөлісті.

Шешендер мен ингуштар тек 1957 жылы тарихи отандарына қайтуға рұқсат алды. Десе де көпшілігі туғандай болып кеткен Қазақстанда қалуды таңдады. Қуғын-сүргенге ұшыраған өзге де ұлттар қазақ жерінен өз үйлерін тапты. Бүгінде олар қиын күнде бір-біріне көмек қолын созған әр ұлтқа, әсіресе қорған болған қазақ халқына шексіз риза.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер