Қазақстандағы конституциялық реформа мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға мүмкіндік бермек. Өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселесін талқылаған сарапшылар осындай ойларымен бөлісті. Олардың айтуынша, мұндай өзгерістер дер кезінде жасалғалы тұр. Өңірлерді аралаған  «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының өкілдері кездесулер нәтижесінде 4-5 нақты ұсыныс әзірленгенін айтып отыр.

МҰХТАР МАНКЕЕВ, «ҚАЗАҚСТАН-2050» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мысалы, 25-ке толған азамат депутат болып сайлануға құқы бар. Алайда сайлау туралы заң бойынша оны тек партиялар мен Ассамблея ұсына алады. Біз ешқандай партия құрамында болмайтын болсақ, өз өңірімізді білсек, міндетті түрде саяси партияларға қосылу керек пе деген. 50 пайызы саяси партиялар жүйесімен келсе, 50 пайызы мандаттывқ округтардан өздері сайланса деп ұсыныс жасағымыз келіп жатыр.

Жалпыұлттық қозғалыс өкілдері елімізде тұңғыш рет 2 реформаны бірге жүзеге асыру, біріншіден,  сын, екіншіден, зор мүмкіндік деген ойда. Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Конституцияға өзгерістер енгізілген соң, заңдарды да тиісті толықтырулар күтпек. Сондықтан бұл мәселені талқылауда қоғамның белсенділігі маңызды, деді ол. Алайда депутат мұндай өзекті мәселеде  бос сөзге жол бермей, тиімді шешімдерді қабылдауға ден қою керек деп отыр.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Тұрғындар биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарын да қалыптастырады. Кейін Үкімет жұртшылық дауыс берген бағдарламаны жүзеге асыра бастайды. Үкімет Парламент алдында, Парламент болса, халық алдында есеп береді. Мұндай жүйе халықтың билігін қамтамасыз етпек. Конституцияға сай еліміздегі биліктің жалғыз көзі - халық. 

ДАРИҒА ҚҰРМАНОВА, ҚАЗАҚСТАН ЗАҢГЕРЛЕРІ ОДАҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Соңғы 25 жылда еліміз саяси және экономикалық  даму кезеңдерін бастан кешірді. Сондықтан Елбасы билік өкілеттіктерін бөлу сынды мәселені көтеріп отыр. Өйткені жобалардың, бағдарламалардың орындалып, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы – парламенттің жұмысы.  

Сарапшылардың пікірінше, жаңартылған мемлекеттік басқару жүйесі ұлттық экономиканың көрсеткіштерін жақсартып, 30 дамыған ел қатарына енуі мақсатына жетуімізді тездетпек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер