«ЕХРО-2017» көрмесінің ашылуына  үш айдан сәл артық уақыт қалды. Соңғы мәліметке сәйкес, 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым шараға  атсалысатындығын ресми түрде растап отыр. Елордада халықаралық қатысушылардың үшінші жиыны өтті. Басқосуға 100-ден астам ел мен халықаралық ұйымнан 326 өкілі келді. Қорытынды жиында ауқымды шараға  дайындық барысы жіті пысықталды. Отырыста сөз алған Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес «ЕХРО-2017» көрмесіне әзірлік жұмыстарын жоғары бағалады. Оның айтуынша, көрме аясында ашылған орталықтар мен ендірілген жаңа бастамалар жасыл экономиканы дамытатын өміршең жобаларына айналмақ.

ВИСЕНТЕ ЛОССЕРТАЛЕС, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕЛЕР БЮРОСЫНЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:

Мен бұл көрмені ұйымдастырып жатқан барша азаматтарға өз ризашылығымды білдіремін. Олар ЕХРО-2017 көрмесін  лайықты өткізу үшін  барлық жағынан үлкен жауапкершілікпен қараған. Біз қазір кешенді шаралардың  соңғы кезеңіндеміз. Біздің ортақ жұмысымыз үлкен жетістік әкеледі деген үміттемін.

ЕХРО-ға 2 миллионнан астам турист күтіп отырмыз. Алдын ала болжамға сәйкес, көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын  шетелдіктер құрайды. Саяхатшылардың басым бөлігі ТМД елдері мен  Қытай  азаматтары болмақ. Елімізде шетелдік қонақтардың  шекара асуын жеңілдету үшін 45 мемлекеттің азаматтарына визасыз жүйе еңгізілді. «The New York Times» баспасының рейтингісіне сәйкес Қазақстан 2017 жылы саяхаттауға қолайлы әрі тиімді 50 мемлекеттің қатарында екен.

ӘСЕТ ИСЕКЕШЕВ,  АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

«ЕХРО қонақтарына кешенді бағдарлама әзірленіп жатыр. Көрме өтетін кезде 500-ден астам мәдени,ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Мәселен, «Дю Солей» циркінің өнері, ежелгі Мысыр елінің архиологиялық жәдігерлер көрмесі, «Мариинский» және «Ла Скала» театрларының гастрольдері, халықаралық опера орындаушыларының байқауы өтеді. Сондай-ақ, каратэ мен ММА жекпе-жектерінен әлем біріншіліктері ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, көрме аясында болашақ энергиясы саласындағы үздік әлеуметтік жоба іріктелетіндігі белгілі болды. Астанада жарияланған байқау жеңімпазына «Ғарыш» жүлдесі табыс етілмек. Ең таңдаулы инновациялық бастама иегеріне 20 мың еуро ақшалай сыйақы тағайыналып отыр.  Жүлде  үздік жобаны қаржылай демеп, жетілдіруге бағыттатын болады.  Байқауға   халықаралық көрме бюросына енетін 160 мемлекеттің азаматтары мен ұйымдары қатыса алады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер