«Қазақ Елі» мультфильмі шетелде бас жүлдені жеңіп алды. Қазақстандық туынды Каирде өткен 10-Халықаралық анимациялық фильмдер форумында топ жарды.

Мультфильм Шымкенттегі киностудиялардың бірінде жасалған. Өткен жылдың мамыр айында көпшілік назарына ұсынылған туынды ел тарихынан сыр шертеді. Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің балалық шағынан бастап хан болған шағына дейінгі аралықты баяндайды. Мультфильмге соңғы үлгідегі 2D және 3D технологиялары қолданылған. «50- ден астам елдің анимациялық жұмыстары қатысқан байқауда бас жүлдені алу үлкен мәртебе»,-дейді картина режиссері Батырхан Дәуренбеков. Туынды «Үздік музыка» және «Үздік режиссура» номинацияларында да үздік атанды.

БАТЫРХАН ДӘУРЕНБЕКОВ, «ҚАЗАҚ ЕЛІ» АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМІНІҢ РЕЖИССЕРІ:

Қазақ хандығының 550 жылдығына Мәдениет және спорт минисрлігінің тапсырысы болған. Біз мұны 1жылға жетпей аз уақыт ішінде жасап шыққан болатынбыз. Бұл өз елімізде көрсетілді және Испанияға барып келді. Ал Каирде анимациялық форумда бас жүлдені жеңіп алғаны біз үшін өте қуанышты хабар болды.

Қазақстанның кино және мультфильм өндірісінде соңғы жылдары сапалы өнімдер шығарылуда. Коммерциялық жағынан ұтымды  туындылар да баршылық. Отандық және шетелдік прокатта көшбасшылар қатарында болған «28 панфиловшы» - фильмі соның дәлелі. Туындының кассалық түсімі Қазақстанда 61,3 млн теңге болса, көрші Ресейде 361 млн рубльге жеткен. Голливудтың «Universal» компаниясы фильмді көрсету құқығын сатып алып отыр. Бұл туынды Канада мен Еуропа көрермендеріне ұсынылды. Енді Жапония, Корея және Франция елдеріне жол тартпақ.

АҚАН САТАЕВ, РЕЖИССЕР:

Біздің «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол» сынды ауқымды фильмдерді түсіру мүмкіндігіміз бар. Қазіргі уақытта Рүстем Әбдіраштың «Алмас қылыш» туындысы жарыққа шықты. Мұндай фильмдерге, әрине, қомақты қаражат жұмсауға тура келеді. Алайда идеология қымбатырақ. Айтпағым – бұл фильмдерде патриоттық тәрбие, ұлттық құндылықтар , өткен тарихымыз, батыр тұлғаларымыздың ерлігі насихатталады. 

РАШИД НҰҒЫМАНОВ, РЕЖИССЕР, ПРОДЮСЕР:

Бізде қазір 40-тан астам фильм әзірленуде. Олардың бір бөлігіне жеке инвестициялар тартылса, енді бірі мемлекет қазынасынан қаржыландырылуда. Мұндай ауқымды көлем бізге жаңа кинематографистер келіп жатыр дегенді білдіреді. Кешегі студенттер  индустрияның дамуына белсенді араласуда. Осының арқасында алдағы уақытта  сапалы, қызықты туындылардың саны артары анық. 

Қазақстандық кино мен мультфильм өндірісі өнімдерінің көрермен жүрегіне жол тауып, бәсекеге қабілетті бола бастағандығы қуантады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер