Қазақстан Мысырға жылына 5 мың тонна қой етін экспорттауға мүдделі. Астанада Египеттің Индустриялық модернизациялау орталығы мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы арасында  өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжат қазақстандық кәсіпорындарға өз өнімдерін африка елдеріне экспорттаудың жаңа мүмкіндіктерін ашады, деді Сыртқы сауда палатасы төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов.

НҰРАЛЫ БӨКЕЙХАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Египет шет елдерден 100 мың тоннаға дейін қой етін алады. Оның шамамен 5 пайызын Қазақстан сата алады. Ол – 5 мың тонна. Ол біздің кәсіпкерлерге байланысты. Олар мүмкіншілікті пайдаланса, біз оларға көмек көрсетеміз нарыққа шығуға.

Мұнымен қоса, Мысырға сүт өнімдері, ұн, бидай және жасымық сынды өнімдерді де жөнелту мүмкіндіктері қарастырылуда. Тек Египет емес, Мысыр арқылы отандық өнімді өзге Африка елдеріне экспорттау тұстары зерттеліп жатыр, -деді Сыртқы сауда палататасы төрағасының орынбасары.

АХМЕД ТАХА БОРАЯ, МЫСЫР АРАБ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ «ЭКСПО» КОМИССАРЫ:

Біз қазақстандық тарапқа Египеттің 32 белгілі компаниясы жөнінде ақпарат бердік. Бұл сіздердің бизнес қауымдастығыңыздың мысырлық компаниялардың жұмысымен танысуына жол ашады деген сенімдеміз.  Меморандумның мақсаты да - осы. Елдеріміздің арасында  сауда және индустрияландыру салаларында белсенді әріптестік орнатпақпыз.

Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 49 млн долларға жеткен. 32 миллионы қазақстандық экспорттың үлесінде. Біздің тарап Мысырға негізінен шикізат пен мұнай өнімдерін жөнелтіп, Египеттен фармакологиялық өнімдерді импорттаған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер