Қазақстанды Жаңғырту – экономикалық дамудың жаңа кезеңіне жасалған нақты қадам. Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына Жолдауы жаһандық жаңа заман сындарына жауап береді, дейді Германияның Франциядағы бұрыңғы елшісі Фритьёв Фон Норденскёльдт.

ФРИТЬЁВ ФОН НОРДЕНСКЁЛЬДТ, ДИПЛОМАТ /ГЕРМАНИЯ/:

25 жыл тәуелсіз ел болғаннан кейін Президенттің осындай істерді қолға алуы құптарлық шаруа. Себебі, төртінші өндірістік революция экономиканың автоматтандырылуы мен дигитализациялануына алып келеді. Әлем күннен күнге дамып келеді, өндіріс автоматтандырылуда. Президент ғаламдық өзгерістерді дер кезінде байқап, қажет шараларды қолға алып отыр. Менің ойымша, экономикада, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінде уақытында өзгерістер жасау керек. Жолдаудың барлық салаларды кеңінен қамтитынын да байқадық. Балабақшалар мен мектептерден бастап училище мен университеттерде білім беруге үлкен назар аударылған.

Халықаралық салық және инвестиция орталығының президенті Дэниел Витт болса, Қазақстанның бұған дейін қабылдаған бағдарламаларды нәтижелі орындап келетінін атап көрсетеді. Ол еліміздің 2030 жылға дейінгі стратегияның мақсаттарына мерзімінен бұрын қол жеткізгенінен хабардар. Сарапшы үшінші жаңғыруға бет алған қазақ елінің жаһандық бәсекеге қабілеттілікке ұмтылысын да қолдайды.   

ДЭНИЕЛ ВИТТ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЛЫҚ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші жаңғырту жөніндегі жолдауын құптаймын. Және осыған қатысты өз пікіріммен қуана бөліскім келеді. Мен Қазақстанға алғаш рет 1993-жылы келгем. Елдің ең алғашқы жоспары да есімде. Мақсаты - тұғыры жаңадан қаланған елде нарықтық экономика орнату болды. Тікелей шет елдерден инвестиция тарту арқылы бұл жоспар сәтті іске асты. Әлбетте, 2030-жылға дейінгі стратегия да есімде. Өйткені оның негізгі ережелері менің жұмысыммен байланысты. Оның ішінде экономика, салық, инвестиция және қаржы саясаттары да бар. Осы жоспарлардың мақсаты - Қазақстанды бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосу. Менің ойымша тапсырма орындалды. Бірақ ел бір орында тұралап қалмауы керек - бұл хоккей ойыны секілді. Егер жиі әрі жылдам қозғалмасаңыз, я құлайсыз, я қақпаға доп соғылады. Қазақстан экономикасы да сондай. Президент жолдаған жаңғыртудың үшінші жоспары үкіметті де, мәжіліс пен халықты да қамтиды. Менің ойымша, елді жаңғырту әр салаға қатысты және осы жолда аянбай тер төгу керек. Қазақстанның жаһандық экономикадағы бәсекеге қабілетті болуының кепілі тек осы.

Қытайдың халықаралық мәселер институты жанындағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын зерттеу орталығының басшысы Чэнь Юйжун да маңызды құжаттың мазмұнымен танысып шыққан. Оның айтуынша, бұл жолы Қазақ елінің басшысы Халықаралық ынтымақтастықты арттыруға басымдық беріп отыр. Соның ішінде, Еуразиялық экономикалық одақтың Шанхай ынтымақтастық ұйымы шеңберінде Жібек жолы Экономикалық белдеуімен ұштастыру – дұрыс шешім, дейді сарапшы. 

ЧЭНЬ ЮЙЖУН, ШЫҰ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Президент Н.Назарбевтың Жолдауын мұқият оқып шықтым. Қазақстан басшысы  Қытай елімен арадағы экономикалық ынтымақтастыққа да тоқталып өтіпті. Шынымен, Қазақстан мен Қытай дипломатиялық байланыс орнатқалы бері түрлі салаларда табысты әріптестікті дамытып келеді. Біздің Төраға Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы мен Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты өзара үйлесіп, нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Қазақстанның астығы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тасымалдана бастады. Бұл әрине екі ел достығының жемісі. Ішкі құрлықта жатқан Қазақстан қазір шығыс пен батысты байланыстыратын үлкен транспорт дәлізін қалыптастыруда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер