Елордада еуропалық үлгідегі үрмелі аспаптардың сазды сарыны салтанат құрды. «Астана Опера» театрында «КВИКОНТЕ» квинтеті алғашқы жеке концертін беріді. Тұсауы енді кесілген ұжым жас болғанымен, құрамындағы музыканттар – шығармашылық жағынан жетілген кәсіби орындаушылар. Әрбірі жеке өнерімен халықаралық байқауларда топ жарып, еліміздің абройын асқақтатып жүр. Бір топта үндестік тапқан өнерпаздар қазақ, орыс және шетел сазгерлерінің күрделі туындыларын нақышына келтіріп, орындау шеберліктерін танытты. 

ДӘМИЛЯ МӘХПІРОВА, «КВИКОНТЕ» КВИНТЕТІНІҢ СОЛИСТІ:

Венгриялық заманауи композитор Лигетидің «Алты багатель» туындысы шекті аспаптар квинтетіне арналған. Дей тұра, біз аса күрделі ырғақты шығарманы үрмелі аспаптарға салдық. Оның үстіне валторна мен габон меңгеру қиындығына қарай Гиннесстің рекордтар кітабына енген. Бұл аспаптарда күрделі шығармаларды құр ойнаудың өзі  екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Тұсаукесер кеште классиктер мен заманауи композиторлардың танымал оркестрлік пьесалар және опералық ариялар да ұсынылды. Кеш қонақтары  квинтеттің сүйемелдеуімен театрдың жетекші солистерінің өнерін тамашалады.

ТАЛҒАТ МҰСАБАЕВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

Концертте бірге өнер көрсетуге шақырды. Ұсынысты қуана қабылдадық. Өйткені біздің шығармашылықтарымыз етене жақын. Бір-бірімізді демеп, толықтырып тұрамыз. Бағдарлама көптің қалауындағы таңдамалы туындылардан құралған. Сондықтан кеш тыңдарманның көңілінен шығатынына сенімдімін.

Музыкалық кеш барысында тыңдармандарға енді бір тосын сый жасалды.  Бақтияр Құсайыновтың «Серуен» атты ұлттық аспапты шығармасы алғаш рет көрермен назарына ұсынылып тұсауы кесілді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер