Елге инвестиция тарту бойынша ұлттық стратегия әзірленбек. Тиісті құжатты маусым айына дейін Инвестициялар және даму министрлігі  дайындайтын болады. Стратегияда инвесторлар үшін тиімді бағыттар мен инвестициялық тартымдылығы жоғары салалар анықталмақ. Бұл жөнінде министрліктің кеңейтілген алқа отырысында белгілі болды.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

Ұлттық стратегияда инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестицияларды тарту механизмдері жетілдірілетін болады. Бұл үшін Дүниежүзілік банк сарапшыларымен бірлесе жұмыс жасаймыз. Сондай-ақ  «Kaznex Invest»  АҚ жанынан  инвестициялар жөніндегі «Кazakh Invest»  мамандандырылған ұлттық компаниясы құрылмақ. Ол трансұлттық компаниялар мен ірі инвесторлар арасындағы  «келіссөз жүргізуші» қызметін атқаратын болады. 

Мұнымен қоса, министрліктегілер наурыз айының соңына дейін белгілікті салалар мен аймақтардағы қаржыландыруды қажет ететін тиімді жобалардың тізімін анықтамақ. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін бұл жобалар халықаралық стандарттарға сай рәсімделетін болады, деді министр. Ведомство ірі инвесторлар және трансұлттық компаниялармен жұмысты да белсенді жүргізуді жоспарлауда. 2016 жылдың 9 айында шетелдік инвестициялардың жалпы түсімі 27,3 пайызға артып, 14,5 млрд долларды құраған.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

Біз өзге елдермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға аса үлкен мән бермекпіз. Ресеймен - 18, Иранмен – 16 , Франция, Жапониямен – 8, Оңтүстік Корея, Польшамен – 7 және Қытаймен - 51 бірлескен жоба іске асырылмақ. Барлығы 300-ге тарта ұсыныстар мен жобалар бар. 

Айту керек, бүгінде Қазақстан 117 мемлекетке 960 өнім түрін экспорттайды. Соңғы кезде электр техникасы, дайын металл, құрылыс материалдары,  пластмасса сынды өнімдер экспортының артқандығы байқалып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер