Астанада өтетін ЕХРО-2017 көрмесінде Тайланд елі биоэнергетика саласының әлеуетін  паш етпек. Елордада Корольдікке халықаралық көрме аумағынан тапсырылған павильон жобасы таныстырылды. Аграрлы ел өкілдері қант құрағы, шөп, күріш, жүгері сабақтары, тезек сынды ауылшаруашылығы өнімдерінің қалдықтарынан энергия алудың тиімділігін алға тартпақ. Биоқорларды баламалы қуат көзіне айналдыру жаһандық бастама төңірегінде Тайланд Азия Тынық мұхиты өңірінде көш бастап келеді. 

КРИНКРА КАНЖАНАПОКИН,  ЖОБАЛАУШЫ:

Павильон тұжырымдамасын біз тайлықтардың күнделікті өмір салтынан алдық. Қазақстанда аграөнеркәсіп саласы жақсы дамыған. Біздің жаңашылдықтарымыз алдымен ауылшаруашылығын кәсіп еткен мемлекеттердің қызығушылығын оятатынына сенімдіміз. Біріншіден, елді мекендер биоқалдықтардан арылып, қоршаған ортаға зиянды заттардың бөліну мәселесін шешеді.  Ал жиналған қордан жаңартылған экологиялық таза энергия аламыз.

Тайланд  елінің  павильоны «Барлығына арналған биоэнергетика» деп аталады және ол көрмедегі ең ірі павильондардың бірі болмақ. Мың шаршы метрге жуық аумақта үш көрме залы орналасады. Оның бірі Корольдіктің тарихы, мәдениетімен танысуға бағытталмақ. Өзгелерінде жасыл технология  саласындағы инновациялық жобалардың тиімділігі іс жүзінде паш етіледі. 

НАТ ПИНЬОВАТТАНАЧИП, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАЙЛАНД  ЕЛШІСІ:

Павильонның басты нышаны жүгері дәні болады. Бізде ол «күш-қуат», «энергия беру қабілеті мол» деген ұғымды білдіреді. Болашақ энергия ауылды жерлерде жатыр. Бүгінде әлем бойынша табиғи қорлардың сарқылу мәселесі жиі айтылады. Биоэнергетика саласын түрлендірсек бұл мәселе өздігінен шешіледі. Сөзден іске көшу керек. Біздің мақсат  адамзаттың игілігі үшін  сәтті жүзеге асқан тәжірибелерімізбен бөлісу.

Айта кетейік, Тайланд 2021 жылы ел тұтынатын баламалы энергия көздерінің үлесін 25 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер