Қысқы аңшылық маусымды қорытындылаған құсбегілер Атырауда бас қосты. Сайын даланы қиқуға толтырған саятшылар сайысы көпшіліктің делебесін қоздырды. Ақ қардың үстінде көсілген қызыл түлкіні алған қыранның өнері жиналғандардың көңілінен шықты. Дегенмен құстың бәрі алғыр емес. Жемін іле алмай адасып, қызылмай болып айнып кетіп жатқандары да кездесті. Ал Тараздық құсбегі баптаған «Ботақара» атты бүркіт алтайы түлкінің адымын аштырмады.

БАУЫРЖАН ЕШМЕТОВ, БҮРКІТШІ:

Мен өзім бала күннен айналысамын. Әкем құсбегі болған, әкемнің әкесі де болған екен. Сол жалғаып келе жатыр. Осы жерде менің немерем, балам жүр. Осылай кете берсе ұрпақ ұмытпайды деп ойлаймын.

Сайыс шарты бойынша бүркітшілер алдымен құсты қолға шақыру, еркін ұшыру, шырғаға шақыру секілді құсбегілік шеберлік сынақтарынан да өтеді. Республикалық бүркітшілер сайысына еліміздің 8 облысынан жиырма бүркітші қатысты. Соңғы жылдары бүркітшілік өнер батыс өңірде де кең қанат жайып келеді.

ӨНЕРБАЙ ЖАНБАЛА, ҚР ҰЛТЫҚ ОЙЫНДАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ АОФ ТӨРАҒАСЫ:

Бұрыннан да бізде бәйге, теңге алу ауыдасырпақ дегендер бар ғой Бізде кенжелеу қалған осы мына құсбегілік, сосын көкпар еді. Бұрын батыста біз болсақ қазір Ақтөбе қосылып жатыр, Қызылорда қосылып жатыр, соңғы кезде Орал да ұйымдастырамыз деп талпынып жатыр.

Биылғы қансонарда қыранына қасқыр ілдірген атыраулық Арман Қошқаровтың мерейі үстем болды. Өзге құсбегілер де сый-сияпаттан кенде қалған жоқ. Өйткені ұлық өнерді қолдау ортақ міндет, дейді сайысты ұйымдастырушылар. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер