Германияның Мюнхен қаласында қауіпсіздікке байланысты дәстүрлі конференция өтті. Алқалы жиынға әлемнің әр қиырынан 700-дей өкіл келді. Қазақстан атынан Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Негізгі тақырыптар: киберқауіпсіздік, терроризммен күрес және экстремизм. Сондай-ақ, босқындар мәселесі де қараусыз қалмады.

АНГЕЛА МЕРКЕЛЬ ГЕРМАНИЯ КАНЦЛЕРІ:

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қазір әлемде босқындар саны күрт көбейді. Бұл гуманитарлық мәселе. Оны шешу біздің басты мақсатымыз. Мюнхен конференциясында осы ауқымды ахуал негізгі түйіткіл болады.

Сонымен қатар, алқалы жиында Сириядағы қақтығысты ретте жайы сөз болды. Мамандардың айтуынша, бұл бағытта Астанада жасалған қадамдардың әсері елеулі. Неміс саясаттанушылары Қазақстан Сирия бойынша маңызды іс атқарды деп есептейді.

МАТТИАС ДОРНФЕЛЬДТ, САЯСАТТАНУШЫ /ГЕРМАНИЯ/:

Асатанада өткен конференция Сириядағы жағдайды реттеуге жасалынған даңғыл жол болды. Екі жақ та қантөгістен шаршап, ынтымақтасқысы келеді. Бұл мәселеле Германия үшін де маңызды. Себебі, біздің елге сириялық босқындар тоқтаусыз ағылуда. Қазақстан халқы мен билігі Сирия мәселесін қарастыруы үлкен адамгершілік дер едім.

Мюнхендегі Қауіпсіздік конференциясында Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алды. Ол БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшесі ретінде еліміздің алға қойған мақсаттарына тоқталды. Қазақстанның  бұл қызметте мән беретін басты мәселесі ядролық қаруды таратпау екенін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз әлемдегі беделді ұйым БҰҰ құрылымдарымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Қазір бізді 40 тонна ядролық материалдың лаңкестердің қолына түсіп кету қаупі алаңдатады. Өздеріңіз ойлап көріңіздерші егер ядролық материал, тіпті жойқын қару «Боко Харам» сияқты экстремистік топтың қолына түссе не болады. Онда әлемдік жүйенің тас-талқаны шығады. Сондықтан ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету біздің басымдығымыз болып саналады.

Сондай-ақ, Сенат спикері әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу жолында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынған реформасы ерекше маңызды екенін атап өтті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер