«Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қомақты істер атқаратыны сөзсіз»,-дейді Бельгия Федералды Парламентінің депутаты Алан Дестекс. Оның айтуынша, Қазақ елі жағрафиялық жағдайы әлемдегі әртүрлі ахуалды реттеуге қолайлы. Саясаты да арағайындық пен бейбіт келісімдерге мүмкіндік береді. Мысалы, Ресеймен, Қытаймен, Америкамен және Еуропа елдерімен жақсы қарым қатынас орнатқан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің беделін арттыруға үлес қосатыны анық.

АЛАН ДЕСТЕКС, БЕЛЬГИЯ ФЕДЕРАЛДЫ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Әлемді тығырыққа тіреп отырған мәселелердің бірі Ирак пен Левант лаңкестік ұйымы екені анық қой. Сириядағы жағдайға әркім алаңдайды. Қазақстан радикалды экстремизммен күресте маңызды роль атқарып келеді. Әрі Сирия мен Ирактағы жағдайдың тұрақталуы үшін де зор еңбек сіңіруде. Қазақ елі Ирандағы ядролық мәселенің оң шешім табуына да үлес қосты. Жағрафиялық орналасуы жағынан да кез келген іске жұмыла кірісу мүмкіндігі жоғары. Қазақстан Азия мен Еуропаның арасындағы достық көпір секілді.

Швеция Қазақстан сияқты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің алдағы екі жылдағы тұрақты емес мүшесі атанды. Азия-Тынық мұхиты мемлекеттер тобында Қазақстанның бәсекелесі Таиланд болса, Батыс Еуропа елдері тобынан бұл орынға Швециямен қатар Италия және Нидерланд таласты. Швеция сайлаудың алғашқы кезеңінде қажетті дауыс жинаған. Халықаралық ұйымның беделді органы құрамында жаһандық қауіпсіздікті нығайту жолында нәтижелі қызмет ететінімізге сенімдіміз, дейді Швеция өкілдері.

ОЛАФ СКУГ, ШВЕЦИЯНЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

Біз Қазақстанмен бірлесе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жұмыс істей бастағанымызға көп болған жоқ. Ынтымақтастығымыз жемісті боларына сенемін. Ортақ мүдде, бірлескен еңбек арқасында жақсы жетістіктерге қол жеткіземіз. Біз әлемде бейбітшілік орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барынша атсалысамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер