Қазақстан мұнай өндіру көлемін ұлғайтуды қолға алды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, биыл елімізден шығатын қара алтынның жалпы көлемі 81 млн тоннаға жетеді. Бұл былтыр игерілген көрсеткіштен  3 млн тоннаға артық. Сәйкесінше, мұнай экспортының көлемі өседі. Үстіміздегі жыл соңына дейін сырт елдерге шикізатттың бұл түрінің  65 млн тоннасын тасымалдау жоспарланып отыр. Бұл шаруаны жетілдіруде қолданыстағы трансұлттық магистральдік желілерді кеңейтуге бағытталған жанғырту жұмыстары да сеп болмақ.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

2017 жылы Каспий құбыры консорциумын кеңейту жобасын аяқтау күтілуде. Ол жылына 53 млн тонна мұнай тасымалдау қуатын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан-Қытай мұнай құбыры құрылысының екінші кезеңі бойынша жұмыстар жалғасуда. Оның қуаттылығы жылына 20 млн тоннаға дейін өседі.  Осы жылы Кеңқияқ бас мұнай станциясындағы қайта жаңғырту жұмысын аяқтау жоспарлануда.

Энергетика министрінің айтуынша, Қазақстан жанармай импорттаушы елден экспорттаушы мемлекетке айналады. 2018 жылы елдегі мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту ісі аяқталады. Сол уақытта ішкі нарықтағы тапшылық жойылып, өз сұранысымызды толық қанағаттандыра аламыз. Ал 2019-шы жылы мұнайды терең өңдеу көлемі қазіргі 14,5 млн тоннадан 17,5 млн тоннаға дейін артпақ.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

2017 жылы 3 млн тонна бензин, 4 млн тонна дизель отынын, 3 млн тонна мазут, 300 мың тонна әуе керосинін шығару жоспарланып отыр.  Ал 2018 жылдың екінші жартысынан бастап ішкі нарықты  толықтай мұнай өнімдерімен қамтамасыз ете алатын боламыз. Оның үстіне жанар-жағармайды сырт елдерге экспорттауды бастаймыз.

Қазақстандық газды сырт елдерге тасымалдау әлееуті де артып келеді. Биыл «Бейнеу-Бозой-Шымкент» құбырының желілік бөлігі салынып көгілдір отынның 5 млрд текше метрі эспортталып үлгеріпті. Жыл соңына дейін жобалық қуатын 10 млрд текше метрге дейін жеткізізу межеленген. Қазір аталмыш құбыр арқылы отандық газды Қытайға жеткізу бойынша келіссөздер жасалып жатыр.  Сондай-ақ аспан асты еліне ресейлік газдың транзитін еліміз арқылы жүргізу мүмкіндіктері қарастырылуда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер