Қазақстан президенті өз жолдауында интернет арқылы көрсетілетін қызмет түрлерін арттыруға басымдық берді. Соның ішінде, онлайн сауданың дамуына жағдай жасауды тапсырды. Қазақстанда ғаламторлық нарық жыл сайын 25-30 пайызға артып келеді. Былтыр ғана ұлттық оператор 10 мыңнан артық интернет сәлемдеме жеткізіпті. Енді тапсырыс беруші күткенін әлдеқайда жылдамырақ қабылдап алатын болады. Елордада алғашқы электрондық коммерция орталығы ашылды. Мамандандырылған мекеме тек интернет дүкендерге қызмет жасайды. Кеңседе тауарды қабылдау мен өңдеу орны бар. Сондай-ақ ғимарат ішінен  корпоративтік клиенттермен келіссөзер жүргізу және осы бизнеске енді аяқ басқан кәсіпкерлерге кәсіби кеңес беру бөлімдері қарастырылған.  

АЛЕКСАНДР СОКОЛОВ,  КӘСІПКЕР:

Бұрын мұнда келіп, зейнетақы мен жәрдемақы және  хат алмасатын жеке тұлғалармен бірге ортақ кезекте тұратынбыз.  Кезегіміз келген кезде интернет арқылы тапсырыс жасаған адамдардың  сәлемдемелерін реттеп, жүйеге енгізгенше артымыздағы адамдар тағы күтіп қалатын. Енді бізге де, өзге адамдарға да ыңғайлы болды.

Бұған дейін сатылған тауарды рәсімдеу үшін кәсіпкерлер жарты күн уақытын жұмайтын. Кеңсенің ашылуымен бұл іс 10 минуттың ішінде тындырылады, дейді мамандар. Жаңа жүйе уақыт машақатымен қатар, қағазбастылық мәселесін де шешіп отыр. Е-орталықтың қызметіне жүгінетін  интернет саудагері тапсырыс құнын  әдеттегі аванстық кітапшамен өтемейтін болды. Бұл үрдіс корпоративтік картаға алмастырылды.  Бұдан былай, төлем кез келген жерден электронды түрде жасалады.

БАҒДАТ МУСИН, «ҚАЗПОЧТА» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Ешқандай қағаз керек жоқ. Біздің порталымыз бар. Сол порталға интернет сайтының өкілі кіріп, өзінің паролі арқылы сәлемдемесінің рәсімдеуін жасайды. Мұнда тек сол сәлемдемесін алып келсе болады.

Тұсауы енді кесілген электрондық коммерция орталығы әзірге Астананың 40-тан астам интернет дүкеніне қызмет көрсетеді. Жобаны жасаушылар қатарға қосылуға ниет танытатындардың саны күрт өсетініне сенімді. 2017 жылдың ортасына дейін Алматы мен 16 облыс орталығында осындай кеңселер ашу жоспарланған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер