Қазақстандық кәсіпорындарды жаңғырту жобаларына инвесторлар тарту өндірістің дамуына негіз болады. Еліміздегі көмірсутегі шикізатының 60 пайызы өндірілетін Атырау облысы – инвестиция тартудан көшбасшы аймақтардың бірі. Мұнда жыл сайын мұнай-газ өндірісі саласындағы жаңа жобаларға 10 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынады. Қазір аймақта 400-ден астам шетелдік және отандық бірлескен кәсіпорында мыңдаған маман жұмыс істеп жатыр. Атырау облысындағы «Теңіз» кен алаңында салынып жатқан үшінші зауытқа 20 млрд доллар қаржы құйылып, 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Бұл жоба іске қосылса, өндіріс қуаты қазіргі 25 млн тоннадан жылына 36 млнға дейін артпақ. Сол секілді «Қашаған» кенішіне 60 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салынып, қазір өндіріс жүйелі түрде жұмыс істеп тұр. «Мұның барлығы – инвесторларға қолайлы жағдай жасаудың жемісі»,-дейді мамандар.

МҰРАТ ӨТЕШОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз Қазақстан қазіргі күні негізгі ұстаған ұстанымымыз ол Қазақстанға инвестицияның көптеп ену мәселесін қарап отырмыз. Егер біз осы инвесторларға, олардың мүлкін, олардың басқа да қаржылық болмаса, өздерінің мүлкін сақтайтын бізде құқықтық механизм болмаған күнде біз үлкен инвестиция алуымыз мүмкін емес. Міне осы мәселе Конституция  жобасындағы ең бір үлкен мәселе болып көтеріліп отыр».

Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша елордамыз Астана да алдынғы қатарда. Соңғы бір жылда бас шаһарда шетелдік капиталдың қатысуымен 10 жаңа индустриялық жоба іске қосылды. Бүгінгі күні Астанада 100 мыңға тарта шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеуде. Өңірлік жалпы өнімнің тең жартысы осында қалыптасады. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы да елеулі. Өткен жылдың өзінде 32 млрд теңгеден астам соманың 200-ден аса жобасына қаржылай демеу көрсетілген.

Ал Қарағанды облысына биыл 350 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Былтыр негізгі капиталға 315 млрд теңге құйылған еді. Сол қаржының төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Сондай-ақ, инвестиция көлемі кен өндіру саласында 32%-ға, ауыл шаруашылығында 25%-ға, ал  тұрғын үй құрылысында– 3% өсті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер