«Астана» халықаралық қаржы орталығының мамандарын Лестер университетімен бірлесе даярлау мүмкіндігі қарастырылуда. Өзара әріптестік мәселесі университет басшылығы мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы өкілдерінің кездесуі барысында талқыланды. Британ құқығы негізінде жұмыс атқаратын «Астана» қаржы орталығы кадрларын даярлау мүмкіндіктерін жан-жақты талқыладық, - дейді Лестер университетінің ректоры Пол Бойл. Ол судьяларды ғана емес, осы саладағы тағы бірқатар мамандарды да даярлауға дайын екендерін жеткізді. Сондай-ақ, жиында Академия жанынан Лестер университенің қатысуымен тіл мектебін ашу мәселесі де сөз болды. Алайда курстардың нақты уақыты белгісіз. Өйткені бұл екі тараптың  әлі алғашқы басқосуларының бірі.

ПОЛ БОЙЛ, ЛЕСТЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

Кездесу барысында біздің университеттің қатысуымен Академия жанынан тіл мектебін ашу мәселесін де талқыладық. Өйткені мемлекеттік қызметшілерге қойылар талап қатал, олардың біліктілігі тиісті деңгейде болуы тиіс. Біздің Жоғары оқу орындарымыз Ұлыбританияда тілді үйретудің ірі орталығы болып табылады. Сондықтан біз тіл мектебін жақын арада ашуға ниет білдіріп отырмыз.

САЯСАТ НҰРБЕК, «АСТАНА» ХҚО АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Біз үшін қазақстандық мамандарды ұзақ мерзімді даярлаудан өткізу маңызды.  Олардың біліктілігі алдағы уақытта сотта немесе халықаралық қаржы ұйымының арбитраждық орталығында жұмыс істей алатын деңгейде болуы тиіс. Сол үшін кадрларды даярлау мәселесінде беделді шетелдік оқу орындарымен әріптестік орнатуға ниеттіміз.

Еске сала кетейік, «Астана» халықаралық қаржылық орталығы «ЕХРО-2017» көрмесінің базасында құрылады. Бұл – Орталық Азияның қаржы хабына айналуды және әлемдегі үздік 20 қаржы орталықтарының қатарына енуді мақсат тұтатын Қазақстанның аса ірі жобаларының бірі. «Астана» халықаралық қаржы орталығының Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамына сәйкес Қазақстан экономикасына шетелдік инвестицияны тартуға қолайлы қаржылық жағдай жасау бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар, орталықтың тағы бір міндеті - капитал нарығын, жеке тұлғалардың активтері мен әл-ауқатын дамыту мен тиімді басқару және исламдық қаржыландыруды дамыту. Орталықтың қызметі Дубай, Нью-Йорк, Лондон, Гонконг, Сингапур сияқты үздік халықаралық қаржы орталықтарының үлгісі бойынша дамитын болады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер