Цифрлық технологияларды дамыту және мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру. Мемлекеттік қызметтер көрсету бағыты бойынша комиссияның кеңейтілген отырысында Елбасы жолдауында басымдық берілген басты бағыттар талқыланды. Дүниежүзілік экономикалық форумның көрсеткішінде Қазақстан ақпараттық-коммуникациялық даму деңгейі бойынша халықаралық рейтінгте 39 орынға табан тіреген.

МҰХТАР ҚҰЛ-МҰХАММЕД, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Елбасымыз өз жолдауында технологиялық жаңғыртуды жеделдету мен цифрлық технологияның тұтас индустриясын қалыптастыруды алға қойып, Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жасауды тапсырды. Біздің ендігі мақсатымыз осы жоғары технологияны бүкіл еліміздің және әрбір қазақстандықтың игілігіне айналдыру болуға тиіс.

Ресми статистикаға сүйенсек бүгінде еліміздегі  мемлекеттік қызмет  түрлерінің саны 710-ға  жеткен. Осы орайда былтыр мемлекеттік корпорациялар 36 млн, ал электронды үкімет 41 млн астам қызмет ұсынған екен. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2019 жылдың соңына дейін 2 млн астам халқы бар 1300 ауылға жаңа талшықты-оптикалық желі байланысы тартылатындығын жеткізіп, жоспар жүйелі жүзеге асып жатқандығын айтты.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:

Отандық ақпараттық кеңістік цифрлық технологиялар негізінде жаңғыртудан өтті. Тұтастай алғанда мемлекеттік бағдарламалардың негізгі мақсатты индикаторлы бойынша аралық міндеттер мерзімінен бұрын жүзеге асырылды деп айтуға болады.

Кеңес кезінде өңірлер де бейнеконференция арқылы байланысқа шығып, сауалдарын жолдады. Депутаттар бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолында мұндай жиындардың пайдасы зор екенін жеткізді.

БАҚЫТЖАН ӘБДІРАЙЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Адам бір қызмет алатын болса, оның бәрі онлайн режимде интернет алуға адамға мүмкіндік жасау керек. Сол себепті адамдар бұрынғыдай кезекке тұрып, анау-мынау анықтаманы алу үшін  жүрмеуі керек. Бәрі интернет арқылы жүруі керек. Адамның аты-жөні қандай проблемасы бар. Соның барлығы сандық технология арқылы алу керек.

Жиын соңында жиналғандар Қазақстанның үшінші жаңғыруы елімізді дамудың даңғыл жолына жетелейтіндігін жеткізді. Осы орайда межені мінсіз атқару міндеті әр қазақстандықтың ортақ парызы болмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер