Жыл соңына дейін кассетаға жазылған 25 мыңнан астам қазақстандық фильм өңделіп, сандық форматқа көшіріледі. Бұл туралы Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының бас директоры Андрей Хазбулатов хабарлады. Оның айтуынша, жоба жүзеге асқаннан кейін, бұл кинотуындылар қазақстандық арналарда көрсетіледі. 

АНДРЕЙ ХАЗБУЛАТОВ, ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ МӘДЕНИЕТ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біз бұл жобаны Мәдениет және спорт минситрлігінің тапсырысы бойынша әзірлеуге кірістік. «Қазақфильм» студиясы қолдау көрсетіп жатыр. 2017 жылы толығымен кино ісімен айналысамыз деп жоспарлап отырмыз. Биыл «Кино» туралы заң да қабылданады деген үміттеміз.

Өндірісті жаңғыртып, цифрландыру туралы ел президенті өз Жолдауында атап өткен болатын. Киноөндіріс саласының мамандар құжаттың тиімді тұстарын ерекше атап өтіп, оның мәдениеттің өркендеуіне де үлкен әсер тигізетініне сенім білдірді. 

ТҮГЕЛБАЙ БЕКБЕРГЕНОВ, ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ МӘДЕНИЕТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Елбасы Үкіметтің алдында тұрған мақсаттарды айқындап, оның құзырын белгіледі. Мемлекеттік органдар бір-бірінің міндеттерін қайталамауы тиіс. Сондықтан осындай шектеудің қойылуы дұрыс шешім болды деп есептейміз. Біздің салада әлі көп мәселелер бар. Жаңа құжат бұл түйіткілдердің шешілуіне түрткі болады деп ойлаймыз.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында сандық технологиялардың өмірдің барлық салаларында кеңінен қолдану керектігіне назар аударды. Бұл отандық өнімдердің жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп, экономиканы дамытуға ықпал етеді. Оңтүстіккореялық Ханщин университетінің профессоры Пак Сан Нам осылай дейді.

ПАК САН НАМ, ХАНЩИН УНИВЕРСИТЕТІ ЕУРАЗИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жолдауында сандық технология мен роботтық техниканы қолдануға ерекше ден қойды. Бұл дұрыс шешім деп санаймын. Сонымен қатар, Президент ауыл шаруашылығын дамытуға тоқталып, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақты нығайтуға шақырды.  Мұның бәрі ел дамуының жаңа кезеңіне өтуге мүмкіндік береді.

Ал латвиялық сарапшы Нұрсұлтан Назарбаевтың төртінші өнеркәсіптік төңкерістің басталуы жайлы болжамына бүкіл әлем құлақ асуға тиіс дейді.

АЛЕКСАНДР ВИДЯКИН, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМЫТУ БАЛТЫҚ-ҚАЗАҚСТАН ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазақ елі Президенті ғаламдық Төртінші өнеркәсіптік төңкерістің басталғанын тек Қазақстанға емес, бүкіл әлемге қарата айтты. Жұмыс бағытын түбегейлі өзгертпегендер қиын жағдайға ұшырайды. Әлемдік өзгерістерді сезіп тұрмыз, Н. Назарбаев өз Жолдауында әр мәселеге жеке-жеке тоқталып өтті. Біз жаңа технологияларды, сандық технологияларды, сандық экономиканы дамытып, бөлісуіміз керек. Бізде сандық экономикада өте қызықты жаңа бастаулар бар. Қазақстан басшысының қолдауымен біз күш біріктіріп, оны дамытуымыз керек. Осы бағытта бірігіп, әлі де талай белестерді бағындыра алатынымызға сенімдімін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер