Қазақстандық жас вундеркиндтер Түркияда өтетін менталды арифметикадан халықаралық олимпиадаға жол тартпақ. Қатысушылар Астанада өткен республикалық олимпиадада іріктелді. Сайысқа есептерді ойша шешіп, шемішкедей шағатын 5 және 16 жас аралығындағы мыңнан астам бала қатысты. Олар 20 алтын, 25 күміс және 50 қола медальдарды өзара  сарапқа салды. Менталды арифметика сынды ерекше санау жүйесімен шұғылданатын балалардың саны жыл сайын артуда, - дейді ұйымдастырушылар. Мұндай қызығушылық балалардың ойлау қабілетін жетілдіріп, зеректігін арттыратын  көрінеді. Тіпті, қазіргі уақытта менталды арифметиканы мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі де көтерілуде. Жапония мен Қытай осылай жасап та үлгерген.

ЕРНИЯЗ ӘШІМБЕК, ЖЕҢІМПАЗ:

Ең жоғары деңгей - 10-шы. Мен 8-ші деңгейдемін. Яғни біз үш мәнді сандарды екі мәнді сандарға және екі мәнді сандарды бір-біріне көбейтеміз.   Мұны 3 жыл бойы үйрендім. Халықаралық және қалалық байқауларда да жеңдім.

БАУЫРЖАН БАЗЫЛОВ, БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Менталды арифметиканың оң тұстары көп. Тек математикада ғана емес, логикалық есептерді шешуде де зор көмек бола алады. Сондай-ақ менталды арифметикаға бет бұрған балалардың шет тілдерді меңгеруі де  әлдеқайда оңай екенін аңғардық. Яғни мидың екі жартышары бірдей жұмыс істейді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық олимпиада қатысушылары жоғары нәтиже көрсеткен. Сондықтан халықаралық олимпиададан жүлделі оралуға үміт бар.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер