Ақтоғайдан түлеп, Алаштан ән оздырған біртуар ақын Әсет НАЙМАНБАЕВТЫҢ 150 жылдығын атап өтуді басқаны қайдам, Қарағанды бастап жіберді. Өткен аптада Абай атындағы облыстық балалар кітап­ханасында «Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп» атты әдеби-сазды кеш өтті. Онда бүлдіршіндер Әсеттің әндерін тыңдап, ақын жайлы тың деректерге құлақ түрді. Мұндағы басты жаңалық – кеш қонағы, филология ғылымдарының кандидаты Азат Бабашев жұртшылыққа Әсет бабамыздың домбырасы табылғанын баян етті, деп хабарлайды ortalyq.kz

Әсет – даланың даңғайыр дауылпазы. Ұланғайыр даланы әнімен сусындатқан үнпаз құрметіне балалар кітапханасы арнаулы кеш өткізіп жатқаны – көңіл көншітеді. Кеш болғанда, қандай! Әуелі әншінің «Інжу-маржан» әнін мамандандырылған музыка мектеп-интернатының 12 сынып оқушысы Диана Көшербаева тамылжытып салғанда, бір көтеріліп қалдық. Одан кейін де бірнеше әнші балалар шығып, Әсеттің әндерін орындады. Әсіресе, шара салмағын кеш қонағы, филология ғылымдарының докторы, «Болашақ» академиясының доценті Азат Бабашев айтқан тың деректер арттыра түсті.

"Әсет Найманбайұлының соңында қалған мұралары жетерлік. Бұл кісінің суырып салмалығы жай тақ-тақ ауызекі суырып салмалық емес. Өлеңдерінің, айтыстарының көркемдік деңгейі жоғары, танымы терең, аса құнды дүниелер. Жазба поэзиясын былай қойғанда, суырып салмалығының жоғары деңгейде қалыптасқанына дәлел – Әсет пен Рысжанның жұмбақ айтысы. Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде айтысқан екеуі. Бұл бүгінге дейін зерттеліп келе жатқан туынды. Біреулер мұны «жазылған дүние, суырып салып айтысқанда осыншалық қабілетпен Рысжанның діни жұмбағына жауап айтып, оны шешу мүмкін емес» дейді.

Бірақ, Әсеттің діни сауаты өте жоғары болған. Медреседе оқыған. Екіншіден, Әсет шығыс мәдениеті мен әдебиетіне жетік болған. Оған дәлел – «Ағаш ат», «Шеризат», «Сәлиха-Сәмен» деген Шығыс халықтарының өмір-тұрмысына қатысты дастандары бар.

2013 жылдары Қытайдағы Іле педагогикалық универсиетінен «Болашақ» университетіне Нұржан Дәулеткелдіұлы келіп, магистрлік диссертация қорғады. Ол Қытайдағы Әсет жырларын жинап әкелді сонда. Қазір қолжазбалар менің қолымда. Оның ішінде Әсеттің ешқайда жарияланбаған өлеңдері бар. Биыл Әсеттің жарияланбаған шығармалары һақында бакалавр бойынша диплом қорғатудамын. Сол студент әлгі қолжазбаларды төте жазудан кириллицаға түсіріп жатыр. Мәселен, ол өлеңдерінің арасында жиырмадан астам шумақтан тұратын «Алашқа» деген шығармасы бар. Өлең Алаш арыстары Қытайға барғанда туған. Ақын онда мектеп ашу мәселесін айтқан. Қазір Қытайдағы зерттеуші ғалымдардың айтуынша, сол жақта Әсеттің ықпалымен мектептер ашылған. Біз бұл жақта Абайды ұлы ақын деп бағаласақ, Қытайдағы қазақтар Абайдың бағасын біле бермейді. Ол жақтағы қазақтар үшін бірінші кезекте тұрған бас ақын – Әсет Найманбайұлы. Сонымен қатар, сол Қытайдағы қазақтар арасындағы Ербол деген жігітте Әсеттің өзі ұстаған домбырасы сақталып отыр. Оны Қазақстаннан үш жігіт арнайы іздеп бардық. Көрсетпей біраз қинады. Біз жағдайымызды айтып, өтініп сұраған соң бір-ақ көрсетті.

Бірақ, «Әсеттің домбырасы бар екенін Қазақстанда көп жарияламаңыздар. Өйткені, Қытай Халық Республикасы біліп қойса, оны бізден мемлекеттік жәдігер ретінде алып қояды» деген шарт қойды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер