Қазақстанда Елбасы ұсынған Конституциялық реформаны талқылау 26 ақпанға дейін жалғасады. Қазір аталған заңға қатысты республиканың барлық аймақтарында қызу талқылау жүріп жатыр. Қоғамның саяси өміріндегі елеулі мәселеге байланысты Алматыда бас қосқан академиктер мен кәсіпкерлер өз ұсыныс-тілектерін жеткізді. Негізінен билікті үлестіру және экономиканы ғаламдық бәсекеге қабілетті ету көптің көңілін аударып отыр. «Өйткені жаңа басқару жүйесі ел экономикасын дамытуға сеп болуы керек», - дейді ғалымдар.

ӘЛИПАША КАРАЕВ, КАСПИЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Қазақстанда түрлі инвестициялық жобалар бар. Кәсіпкерлер қалаған саласына қаржы салып, табыс тапқысы келеді. Сондай-ақ, мүліктерін де түрлі жағдайдан қорғағысы келеді. Сондықтан Конституциялық заң тұрғындар үшін тиімді болуы керек.

Еске салсақ, Конституцияның 26-бабындағы өзгертулер инвесторлар мен кәсіпкерлердің Қазақстан экономикасына сенімді түрде қаржы құюы үшін олардың құқығын қорғауға кепілдік береді. Жекеменшікке кепілдік беру – дамыған мемлекеттердегі экономикалық жүйенің бүкіләлемдік қағидасы, дейді іскерлер.

ДЖОШ СТУДЛ, «TRЕVIAN LLC» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Инвесторлар Қазақстан үкіметінде шешімдерді қабылдауға қатысты айқындылықты қажет етеді. Ел президенті осы мәселеге қатысты нақты жоспар ұсынды. Меніңше, бұл америкалық инвесторлардың қолдауына ие болады. Сондай-ақ, бастама АҚШ кәсіпкерлері тарапынан Қазақстанға тікелей инвестиция құюға септігін тигізеді».

Британдық «Bell Pottinger» компаниясының басқарушы директоры Стюарт Лич Қазақстандағы конституциялық реформаға қатысты өз ой-пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, өзгерістердің арқасында демократиялық қоғам келесі даму кезеңіне көшеді. Лич қазіргі Конституция заман талабына сай болуы тиіс және демократиялық реформалардың әрі қарай дамуына оң ықпал етуі керектігін айтады.

СТЮАРТ ЛИЧ, «BELL POTTINGER» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Әлбетте, кез-келген реформа өз жемісін береді. Әйтсе де, қазірдің өзінде Қазақстанның демократиялық тұрғыда оң өзгерістерге қадам бастайтыны даусыз. Президент билік тармақтарын бөлгісі келіп отыр. Ол осылайша демократиялық құндылықтарға сүйенген тұрақты мемлекет құрылымын құрғысы келеді. Иә, бұл Қазақстанның болашағын гүлдендіретін және қоғамды демократияландыратын дұрыс шешім.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер