Қазақстан сырттан инвесторлар тарту ісіне үлкен көңіл бөліп отыр. Елімізде тіпті, осы жұмыспен айналысатын арнайы ұлттық компания құрылмақ. «Кazakh Invest» деп аталатын мекеме жоспар бойынша жақын уақытта жасақталады. Оның директорлар кеңесін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқаратын болады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Сапарбек Тұяқбаев хабарлады. Компания инвестицияны қажет ететін жобалардың тізімін әзірлейді. Үкімет атынан ірі инвесторлармен және трансұлттық компаниялармен келіссөздер жүргізеді. Бастысы инвестициялық жобалардың жүзеге асуына «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсетеді. Бұл жүйе шет елдерде қолжетімді болмақ.

САПАРБЕК ТҰЯҚБАЕВ, ҚР ИДМ ИНВЕСТИЦИЯЛАР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Негізгі басым бағыт деп алып отырғанымыз біз тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы. Бірақ, айта кететін жайт, егер басқа бағытта инвестор бізге келетін болса, олардың барлығына толыққанды қызмет көрсетілетін болады. Бірақ бізде өзіміз инвестор іздеген кезде негізгі экспортқа бағытталған басым бағыттар деп осыларды бекіттік.

Тағы бір жаңалық арнайы экономикалық аймақтардың жұмысына қатысты. Оларды басқару ісіне шетелден білікті мамандарды тарту жоспарланып отыр. Мысалы, Қарағандыдағы арнайы экономикалық аймаққа белгілі ирландиялық компанияның өкілдері шақырылмақ. Сондай-ақ, Қорғас пен Ақтау теңіз айлағына инвестиция тарту бойынша дубайлық компаниямен келіссөз жүргізілуде. Еліміздегі жобаларға инвестиция тартумен еліміздің шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктері де қатысатын болады. Жалпы, Инвестициялар және даму министрлігі  жалпы құны 40 млрд теңге болатын 200 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер