Әлем музыкасында тұңғыш рет 800 музыканттан құралған симфониялық оркестр Густав Малердің 8-ші симфониясын орындамақ. Оркестр құрамына қазақстандық өнерпаздармен бірге, Новосібір, Михайлов опера театрларының артистері мен орындаушылары енетін болады. Бұл – «ЕХРО-2017» көрмесінің келушілеріне арналған тосын сый. Астанада көрменің мәдени-спорттық бағдарламасы жарияланды. Айту керек, жоспар ауқымды. Тиісті министрліктің кеңейтілген алқа отырысында Арыстанбек Мұхамедиұлы бағдарламаға кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, мамандандырылған халықаралық көрме барысында 3 мыңнан астам іс-шара жоспарланып отыр.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Ол бүкіл республикада. Әрине, ең басты ауыртпалық Астанаға келеді. Өйткені келушілердің дені елордада болады. Қазір Астана қаласының әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Астана Экспо компаниясы бәріміз бірігіп, ортақ бір бағдарлама жасадық.

ЕХРО аясында италиялық «Ла Скала» театрының гастролі ұйымдастырылып, Мариинский театры ұжымының өнерін тамашалау мүмкіндігі тумақ.  «Опералия Пласидо Доминго» жас вокалистердің халықаралық байқауын өткізу де жоспарда бар. Сондай-ақ, 10 маусымда «Қазанат» ипподромының аумағында этноауыл қанат жаяды. 20-дан астам киіз үй мен 13 бөліктен құралатын ауылда ұлттық мәдениетіміздің, өнеріміз бен спортымыздың жетістіктері мен ерекшеліктері  көрсетіледі.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Музыка саласындағы жетістіктеріміз болсын, салт-дәстүр, қолданбалы өнер, барлығын кеңінен көрсетуіміз керек. Ұлттық ойындардың бағдараламасын жасадық. Халықаралық турнирларды да өткізуіміз керек.

Музыка, өнер мәселесін қозғаған министр Димаш Құдайбергеннің «I am a singer» жобасындағы жетістіктерін атап өтіп, Димаш сияқты өнерпаздардың арқасында Қазақстанға деген шетелдіктердің қызығушылығы артатынын жеткізді. Ал бұл ЕХРО сияқты ауқымды шараны қабылдағалы отырған ел үшін туристер тартуға ықпал етері сөзсіз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер