Былтыр Иран елінің инвесторлары Қазақстанның экономикасына 1 млрд. доллардан астам қаржы құйған. Елордада Ислам республикасының ұлттық күніне арналған жиында елші Моджтаба Дамирчилу осылай деп мәлімдеді. Бүгінге дейін Қазақстан Ирандағы алтын өндірісіне инвестиция құйып келсе, енді Иран еліміздегі тау-кен өнеркәсібін қаржыландырады. Сондай-ақ, 2015 жылмен салыстырғанда қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 15 пайызға артқандығын көрсетіп отыр.   2016 жылы сауда-саттық 750 млн доларды құраған. Ресми мәліметке сәйкес, қазір Қазақстанда 160 бірлескен кәсіпорыны жұмыс істейді.

МОДЖТАБА ДАМИРЧИЛУ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИРАН ЕЛШІСІ:

Жақында бірлескен көлік-логистикалық компания құрылды. Банк саласының өкілдері қаржылық қызметтерді бір ізге салу жағы бойынша уағдаластыққа қол жеткізді. Қазір экономикалық белсенді кәсіпкерлер мен туристерге виза беру тәртібін жақсарту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алдағы наурыз айында Алматыда бизнес-форум өтеді. Онда тағы бірқатар келісімдер жасау көзделіп отыр.

Бүгінгі таңда ғасырларды бойлаған тарихи сабақтастыққа сүйенген Иран мен Қазақстанның өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша мүдделері мен ұстанымдары бір. Қос мемлекеттің саяси, экономикалық ынтымақтастығымен қатар, мәдени байланысы жанданып келеді. Осы күндері Ұлттық мұражайда ирандық бейнелеу өнері шеберлерінің көрмесі өтіп жатыр. Қазақстандықтардың назарына ирандықтардың көркемөнерінен сыр шертер мозайка, керамика, жазу-каллиграфия, миниатюралық 50-ге жуық туынды ұсынылған.

БЕХЗАД БОЗОРГИ, СУРЕТШІ /ИРАН/:

Көрмеге соңғы 5 жылдың ішінде жасалған туындыларым қойылды. Мұнда таңдаулы деген 20 жұмысымды алып келдім. Бұл – біздің мәдениетімізбен таныстырып, дәстүрлі өнеріміздің қыр сырын ұғындыратын туындылар. Бұған қоса қазақ ұлттық өнер университетінің студенттеріне шеберлік сабақтар өткізетін боламыз.   

Көрмеде қанат жайған туындылардың ерекшелігі миниатюралық сурет пен көркем жазудың бір еңбек ішінде үндесуінде. Ирандық шеберлер көне парсы жазбаларының құдыреті мен мән-мағынасын көпшілікке жаңа мәнерде жеткізуді мақсат етіпті. 

МЕХДИ МОВОХЕДИПУР, КАЛЛИГРАФ /ИРАН/:

Мен жастайымнан өнерге жақынмын. 6 жыл бұрын сурет пен жазуды біріктіру бағытында жұмыс істеуге әуестендім. Мен мешітті безендіруде қолданылатын мозайка мен араб жазуларын қағаз бетіне түсіремін. Бұл – менің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарым. Ел астанасының көркі мен халқының қонақжайлылығына тәнті болдым. 

Қос ел халықтары арасында көнеден келе жатқан әдеби, тарихи, мәдени, діни байланыс бар. Өткізіліп жатқан шаралар осы қарым-қатынасымызды әрі қарай нығайтып, бекемдеуге өз септігін  тигізеді дейді, ұйымдастырушылар.  Қазақстандағы Иран елшілігі алдағы наурыз айында ислам мемлекеті өнерпаздарының қатысуымен үлкен концерт беруді жоспарлап отыр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер