Еліміздің Egov.kz ұялы қосымшасы First World Gov-techіneers Race-2017 сыйлығына лайықты деп танылды. Марапаттау рәсімі Дубайда Әлемдік үкіметтік саммиті аясында өтті. Үш күнге созылған шарада еліміздің Egov.kz қосымшасы тыңға түрең салған инновациялық бастамалар арасынан үздік деп танылды. Беделді сыйлықты қазақстандық делегация жетекшісіне Дубай басшысы, Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-министрі және вице-президенті шейх Мохаммед ибн Рашид Әл Мактум табыстады.

ДӘУЛЕТ БЕКМАНОВ, ҚР АКМ ДЕПАРТАМЕНТ ӨКІЛІ:

Біздің ілкімді істер мен тың жобамызды шет елдердің де мойындап жатқаны әрине көңілге қуаныш ұялатады. Шынын айтсақ , бұл тосын сый болды. Себебі ешқандай өтінім берген емеспіз. Бірақ бізге мобильді қосымша арқылы электронды мемлекеттік қызметтерге қатысты аталымы бар халықаралық саммит өтетіні жөнінде хат келген болатын.

Қазақстандық мамандар Біріккен Араб Әмірлігіндегі таяуда ғана құрылған Бақыт министрлігіне ерекше қызығушылық танытты. Жергілік билік  халықтың әл-ауқатын ынталандырумен ғана емес, мемлекеттік деңгейде  де пәрменді жұмыс істеуге итермелейді. Саммит шеңберінде өткен кездесулерде ақпаратты тиімді басқару тетіктері талқыланды. Және екі елдің ақпарат агенттіктерінің арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

МОХАМЕД ДЖАЛЯЛ ӘЛ-РАИСИ, «EMIRATES NEWS» АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қол қойылған Меморандумның арқасында біз сенімді әрі жедел ақпаратпен алмасу жағынан бұдан да белсендірек жұмыс істейтінімізге сенім білдіремін. Менің ойымша, араб елдерінің халқы Қазақстан туралы көбірек білгісі келеді. Сол сияқты, қазақстандық тұрғындар да біз туралы мол ақпарат алуға қарсы болмасы анық. Біздің ортақ міндетіміз - екі жақтың осы сұранысын қанағаттындыру.

Қозғалған тағы бір тақырып ЕХРО көрмесі болды. Күллі әлем көз тіккен көрнекті шара аясында Астана мен Дубай баламалы қуат көздерін дамыту бағытындағы іс-қимылын барынша ширата түскенін атап көрсету керек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер