Президент өз жолдауында цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустриялар өркендеуі тиіс екендігін айтты. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкингті дамытудан бөлек, денсаулық сақтау, білім беру салаларында да Ай-Ти технологияларды кеңінен қолдануды тапсырды. Ал ол үшін аталған салаларда еңбек ететін білікті мамандарды даярлау – өзекті мәселе. Қуантарлығы, осы бағытқа қызығушылық танытушы жастарымыз жеткілікті. Әмір Қами келешекте IT саласының айтулы маманы болуды армандайды. Жеткіншек қазір Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің «студенттік конструкторлық бюроның» белді мүшесі. Жастар 3Д принтинг арқылы модельдеу тәсілдерін үйренеді. Бірқатар IT жобалары биыл «EXPO-2017» көрмесіне қатыспақшы. Олар қазір болашақта адамның ойын оқуға мүмкіндік беретін құрылғыны жасауда.

ӘМІР ҚАМИ, СТУДЕНТТІК КОНСТРУКТОРЛЫҚ БЮРОНЫҢ МҮШЕСІ:

Менің басымда кигенім «Нейро скай» деген прибор. Ол біздің миымызға сигналды қабылдап, компьютерге шығарады. Ол біздің миымыздың жұмысын, не ойлайтынымызды көрсетеді. Болашақта осы технологиялар мысалы мұғалім сабақ бергенде оқушы нейроскайды кигенде мұғалім көреді, оқушы тыңдай ма тыңдамай ма. Қазіргі уақытта миым жұмыс істеп жатыр, бірақ та шаршадым, соны көрсетіп тұр.

Бұл жерде берілген білім жастардың мектеп пен жоғарғы оқу орнында алған білімін бекітуге жәрдемдеседі. Бәсекеге қабілетті мамандар кейін құрылыс пен өндіріс, робот техникаларын құрастыру, медицина және еліміздің кибер кеңістігін қорғау саласына үлес қоспақ.

СЕРГЕЙ КИБАЛЬНИКОВ, БҚИТУ ПРОФЕССОРЫ:

Біз негізгі екі бағыт бойынша жұмыстанамыз. Соның бірі шет тілдерін меңгеру барысында пайдаға асады. Мәселен, арнайы көзілдірікті киген студенттің алдына бір нәрсені қоямыз. Сол кезде арнайы бағдарлама оның шет тіліндегі аудармасын көрсетеді. Оқытудың мұндай тың әдіс-тәсілдері үйренушінің қажетті сөздерді ұмытып қалмауына көмектеседі».

Ал Атырауда сандық технологияға негізделген алғашқы зертхана іске қосылды. Халел Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университетте ашылған зертханадағы жаңа жобаларға 14-20 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Мұнда болашақ ғалымдар мен жас өнертапқыштар лазерлі қондырғыны 3Д принтер арқылы жұмыс істетеді. Өнертапқыштар қазірдің өзінде күнбағыс секілді күн нұрынан қуат алатын батарея ойлап тапты. Ал болашақта компьютерлендірілген жылыжай жобасын қолға алмақ ниетте.

ӘСЕМ СӘТМҰХАМБЕТОВА, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің жобамыз сандық технологияларға қызығатын жастарға арналады. Бұл зертхана  сандық технологияға негізделген машиналарды басқаруға және жас өнертапқыштардың өз ақыл-ой өрісін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұғалімдердің де оқушыларға сандық технологияларды үйрету кезінде әдістемелік құрал ретінде пайдалануына көмекші бола алады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер