Оңтүстікқазақстандық Абай Әкімбаев – ер-тұрман жасаудың шебері. Ұста жүгеннен бастап құйысқанға дейін күміспен әрлеп, әшекей бұйымдармен көмкереді. Шебер атадан қалған ұлттық қолөнерді бір әулетте жалғап келе жатқан төртінші ұрпақ.

Шебердің шаңырағы нағыз ұстаханаға айналған дерсің. Бірі темірден түйін түйсе, екіншісі құйысқан өріп, қайыстан тартпа тігеді.

АБАЙ ӘКІМБАЕВ, ЗЕРГЕР:

Кішкентай кезімнен темірге қызығып балға алып темір ұрып өстім. Велосипед жөндеп жүрдік. Содан басталды. Темір түзеткенді ұнататынмын. Содан қолға алдым. Әкем бата берді. Осыны содан үйрендім. Бұл көп адамның қолынан келе бермейді. Бұған шыдамдылық нерв керек.

Шебер күмістен ат әбзелдерін әрлеп, тұлпардың тұяқ жабарынан бастап, ішбек, тоқым, айыл, желдік, өмілдірік пен жүген, қамшы мен жабуға дейін жасайды. Оған анасы әрдайым қол ұшын созып, көмектесіп отырады.

САПАРКҮЛ ӘКІМБАЕВА, ЗЕРГЕРДІҢ АНАСЫ:

Малдарға ноқта, жүген, тартпа, тоқым желдік сияқты қолөнермен айналысып балаларға жәрдем беріп отырмын. Бос уақыт жоқ.

Зергерлік пен шеберлікті ұштастырған Абай әрбір бұйымға асқан ұқыптылықпен қарайды. «Тіпті тоқымның астына тігілетін киіздің өзі жұмсақ болу керек»,- дейді шебер. Өйткені ол жылқының жаурынына батып, қажап тастайды. Бір аттың әбзелін жасап шығуға жарты ай уақытын жұмсайды екен. «Тапсырыс көп, кейде үлгере алмай жатамыз»,-дейді ұста.

АБАЙ ӘКІМБАЕВ, ЗЕРГЕР:

Әдемі болсын дейді. Бөлшектері қатты жылтырасын дейді. «Тот баспай ма, қараймай ма?» дейді.Солар ұсыныс айтады.

20 жылдан астам зергерлікпен айналысып келе жатқан шебер осы аралықта мыңдаған ер-тоқым тігіпті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнерді енді ол қолының ебі бар ауыл балаларына да үйретіп жүр.

ДӘУРЕН АСЫЛХАН, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Таңғы 4-5 тен тұрып осы егердің күмістерін ерітіп, оның бәрін осы қалыпқа келтіру бұл үлкен зергерлік жұмыс. Бұның жұмысы өте ауыр.

Атты ердің қанатына балаған халқымыз үшін ер-тоқымның орны бөлек. Атам қазақ шаңырағында ұл дүниеге келсе ер-тұрман шаптыратын болған. Онысы «өскенде ат жалын тартып мінер азамат болсын» деген ниет. Оған қоса, көкпар мен бәйгеге қосатын сәйгүлікке ерекше мән беріліп, түрлі әбзел жасатқан. Бұл үрдіс бүгінге дейін жалғасып келеді. Сондықтан атадан қалған ұлттық өнерді ұлықтап, ұстахана ұстап, шәкірт тәрбиелеген осындай ұсталарды көргенде ұлттық қолөнердің ұмытылмайтынына көз жеткізгендейміз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер