Алматы облысындағы бизнес иелері Елбасы Жолдауындағы мақсат-міндеттерге орай жұмысын жаңа форматқа көшіре бастады. Шағын бизнес субъектілері кәсіпкерлік саласын қолдауға арналған жаңа бағдарламаларға иек артса, ірі кәсіпорындар өз алдына экспорт көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Қазір Қаратал ауданында бұрын-соңды болмаған үлкен өндірістік алаң құрылуда. Болашақта бұл жерде 5 жаңа өндіріс ошағы салынып, жұмыс істей бастайды. Алматы облысы бойынша 118 мың орта және шағын кәсіпкерлік нысаны болса, соның 40-тан астамы өз өнімін өзге елдердің нарығына шығаруда. Негізінен шет елдерге минералды шикізат пен былғары, жүн өнімдері, аң терісі, ауылшаруашылығы тауарлары мен арақ-шарап экспортталады. Ал Талдықорғандағы аккумулятор зауыты аккумулятор батареяларының 90 пайызын алыс және жақын шет елдерге жөнелтуде.

ҚУАНЫШ ӘЖМАҒАМБЕТОВ, ЗАУЫТТЫҢ БАСҚАРУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Соңғы 10 жылда өндіріс көлемін 10 есеге арттырдық. Соған сәйкес зауыттың қуаттылығы да жылдан жылға өсіп келеді. Біз жылына 2 млн дана аккумулатор батареясын шығарып отырмыз. Бұған дейін Еуропа елдері мен Қытай нарығына жөнелтілетін едік. Биыл Африкамен арадағы қарым-қатынасты нығайттық.

Алматы облысы 5 экономикалық аймаққа бөлінген. Болашақта онда ірі-ірі өндіріс ошақтары шоғырланатын болады. 

МАРЖАН МҰРАТ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Алматы облысында 3 млн 200 мыңға жуық қой және ешкі басы бар. Бірақ оларды түбегейлі өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы. Сол жоқ дүниені жасау үшін үлкен халықаралық, әлемдік аты бар кәсіпорын Алматы облысында өз ісін бастағалы отыр. Мұндай ірі кәсіпорындар көбейеді және жаңадан ашылады.

Биыл Жетісу жерінде экспортқа бағдарланған 10 ірі кәсіпорын ашылады деп жоспарланып отыр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер