«ЕХРО-2017» көрмесінің алаңдарын тапсыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Қазір халықаралық қатысушылардың 18-і өз павильондарын даярлауға кіріскен. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия мәселелері бойынша көмекшісі Ульям Тоддпен кездесуде мәлім етті. Басқосуда тараптар халықаралық көрмеге дайындық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, АҚШ делегациясы «ЕХРО-2017» құрылыс алаңы мен ұйымдастырушылар кеңсесінде болды. Көрме биыл 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. Ауқымды шараға шамамен 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Халықаралық мамандандырылған көрмеге 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым қатысатынын ресми растаған.

Солардың қатарында көрші Өзбекстан да бар. Ташкентте екі елдің ұлттық көрме комиссарлары тиісті құжатқа қол қойды. «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев Өзбестанның сыртқы экономикалық қатынас, инвеститциялар және сауда министрі Элёр Ганиевпен кездесті.

РӘПІЛ ЖОШЫБАЕВ, «EXPO-2017» КӨРМЕСІНІҢ КОМИССАРЫ:

Біз көптеген ел тұрғындарының Қазақстанға келіп кетуіне мейлінше жағдай жасап отырмыз. Жаңа жылдан бастап бірқатар мемлекеттермен арадағы визалық режимді алып тастадық. Олардың арасында ЭЫДҰ елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері.Оған қоса әрине Араб елдері.Біз Қазақстанға туристерді көптеп тарту үшін осындай қадамдар жасап отырмыз.Тиісінше біз бұл жұмыстардың нәтижесін көрмеде көретін боламыз.

Оңтүстіктегі көршімізге ұлттық павильоннан 625 шаршы метр жер бөлінген. Ала тақиялы ағайындар баламалы қуат көзін өндірудің тиімді тәсілдерін паш етпек. Қазір Өзбекстанның Самарқанд қаласында күн көзінен қуат алатын станса салынып жатыр. Аптап ыстық өлкеде күнмен қатар желден және шағын су электр стансалары арқылы қуат көзін өндіру қолға алынған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер