Астанада қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі – Әубәкір Ысмайыловтың 105 жылдығына арналған мерейтойлық көрме ашылды.  Жастайынан жер шарлап, табиғатты бейнелеуге құмар еді дейді, біртуар дарын иесінің басы-қасында жүрген достары. Қыздарының айтуынша, қоршаған ортаның тылсым сырына үңілдіретін суреттерін жергілікті жұртқа естелікке қалдырып отыруды әдет қылыпты.

ГҮЛЗАМИРА ЫСМАЙЫЛОВА, ӘУБӘКІР ЫСМАЙЫЛОВТЫҢ ҚЫЗЫ:

14 жасынан Новосібірде өзінің көрмесін жасады 1929 жылы. Ол кезде машина, боинг ұшақтары жоқ. Сонда туыстардан түйелер алып 4 ботаға картиналарын жиып, Омбыдан Новосібірге апарған.

Көзі тірісінде қалыптасқан сол жақсы дәстүр бүгінде лайықты жалғасын тауып келеді. Қылқалам шеберінің ұрпағы қазақ көркемөнерінің алтын қорына енген тырнақалды еңбектерін Ұлттық мұражай қорына тапсырды.

Терең философиялық ойлармен үйлесіп жатқан бұл туындылардың  берер тағлымы мол. Хас шебер көшпенді халықтың  аңыздары мен тұрмыстық салтын жарқын құбылысқа айналдыра білген. Халық суретшісі өмірінің соңына дейін  өскелең ұрпаққа өткеннің ұлылығы мен сұлулығын, шежірелі тарихымыздың  маңыздылығын шығармашылығымен жеткізуді мақсат етті.

ДАРХАН МЫҢБАЙ, ҚР ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл көрмеге келгендер қазақ өнерінің шын мәніндегі бояуы қанық, сол кездегі ұлттық колорит қана емес, алғашқы ұлттық суретшілердің колоритін көруіне мүмкіндік береді.  Бұл тек қана көркем өнер деп қана қарауға болмайды. Бұл біздің тарихымыз, жалпы біздің кешегі даму деңгейіміз, өнердің белесі ретінде қарауға болады.

Кескіндеме, мүсін өнері, саяси карикатура, қабырға ақпаратын жасау, кітап безендіру ісінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Бояу тілін жетік меңгерумен қатар кино, театр өнеріне тікелей қатысы бар. Режисер әрі актерлік қырынан да көпшілікке танылды. Халық ауыз-әдебиетін жинақтаушы, жазушы. Ұлттық және өзге халықтардың аспаптарында шебер ойнайтын. Сонымен қатар, елімізде кенжелеу дамыған би өнерін өркендетуге қосқан үлесі де ұлан-ғайыр. Хореограф ретінде Бүкілодақтық байқауда қойған қара жорға биі бас жүлдені қанжығаға басқан. 

ТОЙҒАН ІЗІМ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АРТИСІ:

Жігіттер биінің өсіп өркендеуіне үлкен үлес қосты деп есептейміз. Молдас қимылдары, «Құсбегі дауылпаз» деген биіндегі сүйретпе, тышқан із, айдаһар иірілу сонымен бірге іліп алма, тізгін қақпа деген қимылдары бізге сол кісі арқылы жетіп отыр.

Игі шара бойына осыншама өнерді дарытқан сегіз қырлы бір сырлы  нар тұлғаға тағзым етіп, рухани мәдениетке қосқан үлесі үшін көрсетілген құрмет болып табылады. Астаналықтар мен қала қонақтары ақпанның 15-нен үш ай бойы сан қырлы сала иесінің өнегелі өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін көрмені тамашайлай алады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер