Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ынтымақтастығы өмірдің барлық салаларын қамтиды. Жақында аталған ел мамандары тұрғын үй құрылысын кепілдендіру тәжірибесімен бөлісті. Осы тақырыптағы семинар Сеул қаласында өтті. Өткен жылдың қазан айында елімізде «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу» заңы қолданысқа еніп, «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» жұмысын бастаған болатын. Жаңа заң бойынша құрылыс компаниялары Қордың кепілдігін алмаса үлескерлердің қаражатын тартуға құқығы жоқ. Аталған қор Оңтүстік Кореяның тұрғын үй құрылысына кепілдік беру тәжірибесінің негізінде құрылған болатын.

АЙГҮЛ ЖҰМАТАЕВА, «ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫН КЕПІЛДЕНДІРУ ҚОРЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Талабымыз бойынша, тұрғын үй құрылысына кепілдік беру үшін, алдымен құрылыс компаниялардың жер пайдалану құқығын кепілге алуымыз керек. Ал құрылыс компаниялардың көбінде жерді пайдалану құқығы қысқа мерзіммен шектелген. Көп ұзамай бұл мәселе шешімін тауып, кепілдік сұрайтындар көбейетеніне сенеміз.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстаннан Оңтүстік Кореяда өзара білім-біліктілік алмасу бағдарламасы бойынша Президент әкімшілігі, Үкімет және ұлттық холдингтердің өкілдері болған еді. Жергілікті тарап оларға мемлекеттік нысандар мен құрылыс алаңдарын таныстырған. Осылайша, қос мемлекет арасында тиімді әріптестік орнады.

ЖӘНІБЕК НҮБІРОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қазір оларда мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға арналған келісім бар. Олар нақты жобаларды іске асыру үшін ұсыныстар дайындап жатыр.

Сондай-ақ, Оңтүстік Корея елі адамдарды суда құтқару тәжірибесімен бөлісуге дайын. Сеул қаласында осындай меморандумға Қазақстан-Корея ынтамақтастыққа ықпал ету орталығы мен Оңтүстік Кореяның су асты ортасының қауіпсіздігі қауымдастығы қол қойды. Құжатқа сәйкес, қазақ мамандары Оңтүстік Корея қаражаты есебінен оқытылады. Бұл қауымдастық 25 жыл бұрын ашылған. Қазір оның құрамында он мыңға жуық ерікті бар. Олар су бетіндегі арнайы операцияларды жүргізуге көмектеседі. Бұл қауымдастық 2014 жылдың сәуірінде «Севоль» паромында апатқа ұшыраған адамдарды құтқару жұмыстарына қатысқан.

ХВАН ТЭ ЁНГ, ОҢТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ СУ АСТЫ ОРТАСЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫ:

Меморандумға сәйкес, біз қазақстандық мамандарды қауіпсіздік және туризм бағдарламалары бойынша оқуға шақырамыз. Тақырыптардың бірі скуба дайвинг – аквалангпен сүңгу. Біз сондай-ақ Астанада өтетін «ЕХРО» көрмесінің ойдағыдай өтуіне өз тарапымыздан барынша көмек жасаймыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер