Қазақстанның Австриядағы елшілігінде халықаралық екі бірдей ұйымның жетекшілеріне «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалі салтанатты түрде табысталды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы бойынша МАГАТЭ халықаралық атом энергиясы агенттігінің бас директоры Юкия Амано мен Ядролық сынақтарға қарсы кешенді келісім ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Қазақстанның аталған ұйымдармен байланысын нығайтуға қосқан үлестері үшін марапатталды. Салтанатты шара барысында Қазақстанның Австриядағы елшісі Қайрат Сарыбай МАГАТЭ мен Ядролық сынақтарға қарсы кешенді келісім ұйымы аясында жасалып жатқан жұмыстарды мемлекет басшысы жоғары бағалайтынын жеткізді. Жиынға қатысушылар Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында көтерген бастамасын тілге тиек ете отырып, Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен ядролық қарусыздану қозғалысы жолындағы еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті.

ЮКИЯ АМАНО, МАГАТЭ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Мен президент Нұрсұлтан Нзарбаевтың сіздердің мемлекеттеріңіз бен МАГАТЭ арасындағы арақатынасты нығайтудың маңыздылығына ерекше мән бергендігіне алғысым шексіз. Бұл керемет медальдің тапсырылуы халықаралық атом энергиясы агенттігінің әлемдегі бейбітшілік пен даму жетістіктерін айшықтай түседі.

ЛАССИНА ЗЕРБО, ЯДРОЛЫҚ СЫНАҚТАРҒА ҚАРСЫ КЕШЕНДІ КЕЛІСІМ ҰЙЫМЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Мен ерекше әсерде тұрмын. Бұл құрметке ие болу менің ғана еңбегімнің еленуі емес сондай-ақ, біздің ұйымның кешенді жұмыстарын бағалау деп білемін. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуымен тікелей байланысты. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен ғана жүзеге асқан бұл бастаманың бүкіл әлемнің ядролық қарусыздану мен оны таратпауға деген құлшынысын одан әрі қанаттандыра түспек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер