Ақпан айының соңында Женевада Сирия дағдарысын реттеуге бағытталған кезекті жиын жоспарланған. Алдағы кездесуде бұған дейін Астанада қол жеткізілген уағдаластықтар бойынша пікір алмасу жалғасады деген үміт бар. Қалай болғанда да, Сириядағы ахуалды реттеу ісінде Астана процесі тиімді тәжірибе берді, дейді сарапшылар. Қазақстан елоодасындағы келелі кеңеске қатысқан Ресей Президентінің Сирия мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев басқосу бірқатар бітімгерлік бастамаға себепкер болғанын айтады.

АЛЕКСАНДР ЛАВРЕНТЬЕВ, РФ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ СИРИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ АРНАЙЫ ӨКІЛІ:

Астана процесі Женевадағы жиындарды жан-жақты толықтыра алды. Бірақ, өзіндік ерекшеліктері де бар. Яғни, қарулы топтардың Астанадағы келіссөздерге қатысуға деген қызығушылығы артып отыр. Демек, процесс одан әрі жалғастын табады деген ойдамын.

Қытайдың белгілі «Цайцзин» журналы Сирия дағдарысын реттеу бойынша өткен Астана процесіне арнап сараптамалық мақала жариялады. Автор Хау Чжоу Қазақстанның бітімгерлікке шақырған батыл қадамы тарихи нақты көрініс тапты деп бағалайды. Өйткені жылдан жылға шиеленесіп бара жатқан мәселені бейбіт түрде шешуге бағытталған маңызды қадам Астанада жасалды. Жанжалдасқан тараптар бітімге келу үшін бір бағытта жылжуға ниет білдірді..

ХАУ ЧЖОУ, ЖУРНАЛИСТ:

Сирия дағдарысының тым созылып кеткенінен оның қаншалықты ушыққанын көреміз. Алты жыл бойы жанжалдасқан тараптар бір шешімге келе алмай отыр. Ал Астанадағы Сирия мәселелерін реттеу келіссөзі дағдарысты бейбіт түрде шешуге оң өзгеріс әкелетініне сенемін. Өйткені, бүгінде «Қазақстан» мен «бейбітшілік» сөзі бір ұғым іспеттес. Қазақстан елдегі тұрақтылықты сақтай отырып әлем елдерін бейбітшілікке шақыра білген және оны биік мінбелерде тұрып батыл айта білген бірден бір мемлекет.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер