«Болашақ энергиясы» тақырыбымен өтетін «ЕХРО-2017» көрмесінде жасыл энергетика саласындағы ең үздік жобалар таныстырылады. Баламалы қуат көздерін дамыту тәжірибесімен Қазақстан да бөлісуге дайын. Мысалы, Жамбыл облысында бүгінде 9 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істеп тұр. Бұл станциялардың жалпы қуаттылығы шамамен 114 мегаватты құрайды. Өндірілген электр энергиясы еліміздің бірыңғай энергетикалық жүйесіне тасымалданады. Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясы Жуалы ауданында орналасқан. Нысан 150 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда сағатына 50 мегаватт энергия өндіріледі. Компания «EXPO-2017» халықаралық көрмесіне өз үлесін қосуды көздеп отыр.

ЕРІК КӨШЕРБАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біздің ұсынысымызды Министерство энергетикаға ұсындық. Бұны толық қолдайды деп ойлаймыз, өйткені жасыл экономика бойынша ең алғашқы және ауқымды жұмыстардың бірі сол. Бұл мекеменің келешегі өте зор. Өйткені, осы 2017 жылдан бастап тағы 50 мВатт күн электр стансасын салмақ.

Таулы аймақтың табиғаты аппараттардың тоқтаусыз жұмыс істеуіне жағдай туғызып отыр. Әзірге мұнда 50-ге тарта генератор тұр.

Бұған қоса, өңірде 4 гидростанция бар. Аймақтағы бұл нысандардың жұмысы халықаралық көрмеге келген қонақтарды қызықтыратыны анық. Тағы Әулие ата жерінде 3365 көне ескерткіш болса, оның бесеуі ЮНЕСКО тізіміне енген. Қазіргі таңда жергілікті билік туристерді күтіп алуға дайындалып жатыр.

САМАТ ҮРПЕКОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

100 мың адам күтіп алуға мүмкіншілігіміз бар Жамбыл облысында. «Туристік ақпараттық орталық» деген коммуналдық меншіктегі мекеме ашылды. Оған қоса, облыс әкімі 250 млн теңге облыс бюджетінен бөліп отыр, 250 млн теңге «Даму» қорынан бөлініп, туристік саласында жұмыс істейтін азаматтарға үлкен мүмкіншілік көрсетіліп жатыр.

Ал, Ертіс өңірінде жергілікті университеттің өнертапқыштары шетелдіктер назарына өздері ойлап тапқан құрылғыларды ұсынбақшы. Мәселен, мына жел генераторы 8 киловатқа дейін электр энергиясын беруге қауқарлы. Аппарат шаруаларға арналып жасалған. Ток өндіріп қана қоймай, терең ұңғымалардан су шығаруға пайдасы бар. Айта кетейік, генераторды құрастыруға қажет бөлшектердің барлығы Павлодарда жасалады.

ТӨЛЕУҒАЗЫ ТОҚТАҒАНОВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

Ең басты артықшылығы, бұның жылдам бір жерден екінші жерге апарып орналастырылуы. Екінші, осының біздің Қазақстандағы желдің ерекшелігін, табиғаттың өзгеріс ерекшеліктерін ескеріп, осының ең оптимальді, тиімді құрылымын ойлап, жасап шығаруында. Оны арнайы патентпенен қорғадық. Егер осыған қызығушылар болса, оны осында кәсіпорында жасап шығаруға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, аймақтағы шалғай жайлауларда желден қуат алатын 105 кешенді модуль орнатылған. Малшылар төрт түлікті суаруда еш қиындық көрмейді. Ал Железин ауданының бірнеше ауылында күннен жарық өндіретін 100-ге жуық шам жұмыс істеп тұр. Жалпы, 2020 жылға дейін отандық энергетикада «жасыл» экономиканың үлесін 3 пайызға жеткізу көзделген. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер