Универсиаданы әлемнің 80 елінде 1 миллиард телекөрермен тамашалаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Алматыда өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада-2017 қорытындылары туралы премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады.

Универсиада-2017 көрсетілімі EUROSPORT 1 және 2, CBS (АҚШ), CCTV (Қытай), KBS (Оңтүстік Корея), Матч-ТВ (Ресей), Eurosport Asia-Pacific (Австралия және Океания) арналарынан 80 елде 1 миллиард телекөрермендік аудиторияға көрсетілді.

2017 жылғы Бүкіләлемдік қысқы Универсиада сайыстары 8 спорттық нысанда спорттың он екі түрі бойынша өтті, олардың үшеуі - "Алматы арена", "Халық арена" және "Атлетикалық ауыл" Универсиадаға арнап салынды.

Қазақстандық студенттер құрамасынан 12 спорт түріне 171 спортшы қатысты. Медальдардың рекордтық санына – 36 (11 алтын, 8 күміс және 17  қола) ие болды және жалпы командалық есептің қорытындысы бойынша Қазақстан 2-ші орын алды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер