Қазақстандық ғалымдар науқастар үшін хирургиялық тігістің баламасын ұсынуда. Олар биоүйлесімді желім ойлап тауып, оны медицинада және биологияда қолдануды жоспарлап отыр. Бұл желімнің шетелдік баламалары жоқ емес. Алайда өнім жергілікті талаптар мен шикізаттардан жасалған әрі өзгелерінен тіпті 100 есе мықты. 2 жыл бойы осы жобаны әзірлеген Ұлттық биотехнология орталығының мамандары осылай деп отыр. Әлемде медициналық желімдерді жасаумен санаулы ғалымдар ғана айналысады. Қазақстандық ғалымдардың бұл өнімі болса, отандық нарықта шетелдік баламаларының орнын баспақ. 

АЛЕКСАНДР ШУСТОВ, ҰЛТТЫҚ БИОТЕХНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:

Прототип ретінде біз табиғи жабысқақ ақуызды пайдаландық. Жоба аясында ақуыздарды алатын эксперименталды жүйе де құрастырдық. Зертханада отырып-ақ қажетті шикізатты жасай аламыз.  Егер бұл технологияны өнеркәсіптік өндіріске жеткізер болсақ, біздің ақуыз табиғи баламасынан да арзан болады. 

Бұл орталықта жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі ғана. Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар маңызды зерттеулер жүзеге асырылуда. Ғалымдар гербицидтерге төтеп бере алатын бактериалды ген қосылған мақтаның ерекше түрін ойлап тапты. Мұның арқасында өнімділік айтарлықтай артпақ. Айту керек, мұндай зерттеулер тұтыну саласында емес,  киім-кешек сынды қолданыстағы заттар үшін пайдалануға арналған.

ЕРЛАН РАМАНҚҰЛОВ, ҰЛТТЫҚ БИОТЕХНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ

Биотехнологиялық тәсілдердің көмегімен бидай мен картоптың жаңа түрлерін шығармақпыз. Олар құрғақшылыққа, зиянкестерге және жердің сортаңдануына төзімді болады. Өсімдіктер мен жануарлардың ауруларын зерттеп, диагностика жасаймыз.  Адам генетикасы саласында да көптеген зерттеулеріміз бар.

Ұлттық биотехнология орталығы зерттеулері 2011-2015 жылдар аралығындағы ел аузында болған ғылыми ұйым ретінде мойындалып отыр. Маңызды халықаралық ғылыми журнал беттерінде жарық көрген орталық ғалымдарының мақалаларының саны  да жыл сайын артып келеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер