Латвия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастар өрлеп келеді. Өткен жылдың тоғыз айында екі ел арасындағы сауда айналымы шамамен 90 млн долларға жеткен. Қазір Қазақстанда латвиялық капиталы бар 60-тан аса, ал балтық елінде жүзден аса қазақстандық компания жұмыс істеп тұр.

АСҚАР АРЫНОВ, «KAZNEX INVEST» АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстанда жұмыс істеп жүрген латвиялық бизнес экономиканың түгелге жуық салаларын қамтитыны қуантады. Еліміздің «жасыл» энергетикасында латвиялық кәсіпорындар істеп жүр, дүкендеріміз бен дәріханаларымызда латвиялық тауарлар бар. Өзара әрекеттестігіміздің өрісі кең, енді оны тек одан әрі ұлғайту қажет.

Тап осы мақсатта Латвияның бизнес-қауымдастығына Қазақстанның инвестициялық әлеуеті және арнайы экономикалық аймақтардың артықшылықтары таныстырылды. Шетелдік инвесторларды тарту үшін елімізде салық пен кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Бұл роуд-шоу Рига қаласының басшылығы мен кәсіпкерлердің үлкен қызуғышылығын туғызды. Әсіресе, экономикамыздың даму бағыттары белгіленген Елбасының үндеуі тұрғысынан.

МАКСИМ ТОЛСТОЙ, РИГА ДУМАСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үндеуінде біз үшін өте маңызды элементтер болып табылатын Ай-Ти технологияларды дамыту және зияткерлік Қазақстан туралы айтылған. Осы салаларда әлеуетіміз зор, біраз ұсынысымыз бар. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында қалаларды дамыту жайы да қызықтырып отыр. Осында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік, коммуналдық кәсіпорындарымыздың әрқайсысы тәжірибесімен бөлісе алады, мұны да инвестициялар ретінде пайдалануға болады.

Бизнес жүргізу мүмкіндіктерін өз көзімен бағалау үшін латвиялық кәсіпкерлердің делегациясы сәуір айының басында Қазақстанға келуді көздеп отыр.

ЯДВИГА НЕЙМАНЕ, ЛАТВИЯНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ АГЕНТТІГІНІҢ ӨКІЛІ:

Алматы әкімшілігімен бірлесіп бизнес-форум өткізуді жоспарлап отырмыз. Көлік тасымалы мен логистика саласының өкілдері үшін Қорғасқа бару және қазақстандық, бәлкім қытайлық та кәсіпкерлермен кездесу қарастырылған. Тараптар көлік тасымалы саласындағы ынтымақтасу мүмкіндіктерін талқыға салмақ.

Қазақстан да өз жағынан Латвиямен сауда-экономикалық қарым-қатынастарын кеңейтуге қадам жасап отыр. Биыл әйгілі Рига орталық базарында қазақстандық тауарлар аптылығы өтеді. Мұнда еліміздің бетке ұстар кәсіпорындары өз өнімдерін ұсынады. Шара ұйымдастырушылары қазақстандық тауарлар латвиялық тұтынушылардың көңілінен шығатынына үмітті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер