Қазақстан Қырғызстанға 100 млн доллар көлемінде техникалық көмек көрсетеді.  Бұл қаражат Қырғыз еліндегі бірқатар нысандарды Еуразиялық экономикалық одақ стандарттарына сай етуге жұмсалмақ. Яғни ветеринарлық және санитарлық-эпидемиологиялық зертханаларды жабдықтау, кеден инфрақұрылымын жақсарту сынды жобалар қолға алынатын болады. Осының арқасында Қырғызстан өз тауарын сертификаттап, Еуразиялық экономикалық комиссияның тізіміне енгізбек. Журналистермен кездескен Қырғызстандағы Қазақстан елшісі Айымдос Бозжігітов осындай ақпармен бөлісті. Оның айтуынша, Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен тауар айналымы өткен жылдың 11 айында 1 млрд 743 млн долларға жеткен. Ал Қазақстанмен өзара тауар айналымы - 740 млн доллар. 2015 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқалады,-дейді елші.

АЙЫМДОС БОЗЖІГІТОВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Қазақстан тарапынан экспортталатын технологиялық өнімдердің артқандығы байқалады. Қазіргі таңда индустрияландыру бағдарламасы аясында салынған біздің экспорттық кәсіпорындарымыз  Қырғызстанға вагондар сынды машина жасау саласының өнімдерін жеткізуде. Бұл да еуразиялық интеграцияның көрінісі.

Айымдос Бозжігітов Қазақстан Қырғызстанға қаражат бағыттайтын  шетелдік инвесторлардың бестігінде екенін атап өтті. Барлығы қырғыз экономикасына 1 жарым млрд доллардан астам қазақстандық инвестиция салынған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер