Кескіндеме, графика, мәтін-бейне, инсталляцияның бәрі мистикалық туындылар көрмесінде бірікті. Елордада жеке пікірі, ерекше стилі, өзіндік идеялары бар Сергей Масловтың сурет көрмесі ашылды. Бұл – өзімізден гөрі шетелде кеңінен танымал заманауи эксперименталды бағыттағы суретшілердің шығармашылығын дәріптеуге арналған Ұлттық музей жобасының жалғасы. Сергей Масловтың жұмыстары әркімде әр түрлі сезімді оятады. Бірі онымен келіссе, енді бірі мүлдем түсінбейді. Дегенмен бәрі оның ерекше дарын иесі болғанын мойындайды.

ҚҰРАЛАЙ ЖАНАШЕВА, ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Кейбіреулер ренжіп жатады. Қазақтардың өзге жерден келген адамдар секілді дамыған адамдар екенін, Алтын адамды сол кезде алтынды өңдеу тәсілдерін бәрін білген. Сондықтан  киіз үйдің өзін шаттлға ұқсатты. 

15 жыл бұрын өмірден өткен суретші Сергей Масловтың еңбектерінің санаға серпін беріп, шынайылықтан, біркелкіліктен алыстататындығына келушілердің өздері көз жеткізді. Сиқыршылар мен өзге планеталықтардың образдары жұртшылықты мүлдем басқа әлемге жетелегендей. Автордың шығармашылығымен таныс болғандар бұл Сергей Масловтың өзіндік қолтаңбасы деп отыр.

ВЛАДИМИР ФИЛАТОВ, СУРЕТШІ:

Сергей Маслов сегіз қырлы бір сырлы адам болатын. Педагог ретінде өте талантты болғанын ерекше атап өткім келеді. Ол өзін соңғы авангардистпін деп жиі айтатын. Екеуіміздің пікіріміз көп жағдайда қайшы келгенімен, бір-бірімізден үйренеріміз де мол еді. Ол өзі өмір сүрген уақытты суретші көзімен дәлме-дәл бейнелей алды.

НУРФЕР ТЕРЖАН, КӨРМЕГЕ КЕЛУШІ:

Көрмеде суретшінің ойлауы бізден әлдеқайда өзгеше, ерек екенін байқадым. Әмбебап адам болғанын жұмыстарынан-ақ аңғаруға болады. Суреттер арқылы автордың дүниесін көре алдым. Өйткені Сергей Масловтың біздің дүниеден тыс өмір сүргендігі анық. Бұл Қазақстандағы көрмеге алғаш келуім. Қазақстандық суретшілердің өнері мені аса қызықтырды.

Көрмеге Невзоровтар отбасының атындағы Шығыс Қазақстан музейіндегі Сергей Масловтың туындылары да әкелініп отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер