Ел кәсіпорындары экспортқа бағыт алды. Бүгінде Қазақстан бидай ұнын әлемдік нарыққа шығаруда көш бастап тұр. Бір Ақмола облысының өзі бидай және бидай өнімдерін 20 елге тасымалдайды. Өткен жылы өңір диқандары 6 млн тонна өнім алған. Оның 2 млн тоннасы кәдеге жаратылды. Импорттаушы мемлекеттер отандық ұнның сапасын жоғары бағалап отыр. Ал Атбасарда ашылған диірмен күніне 150 тонна экологиялық таза өнім шығаруға қауқарлы.

ӘМІР САҒИТОВ, ТЕХНОЛОГ:

Кәсіпорында 30 адам еңбек етеді. Қазір үш вагонға Тәжікстанға жеткізілетін ұнды тиеп жатырмыз.  Ауғанстан, Қырғызстан және еліміз бойынша да жеткіземіз.

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыс Сүт» кәсіпорны жылына 36000 тонна сүт және сүт өнімдерін шығарады. Ірі корпорацияның 8 шағын зауыты бар. Индустриалдық инновациялық даму бағдарламасының игілігін көрген кәсіпорынның бүгінгі жетістігі орасан.

ВАЛЕНТИНА МЯГКОВА, МЕКЕМЕНІҢ БАС ТЕХНОЛОГЫ:

Біз моцарелла ірімшігін өндіру желісін орнаттық. Осы жылы ірімшікті еріту агрегатын іске қостық. Бәрі де заманауи. Бүгінде 60 түрлі сапалы өнім өндіреміз. Жаңашылдық кәдімгідей сезіледі. Бүгінде жұмысымыз анағұрлым жеңілдеді.

Өнімді шетел нарығына шығару – үлкен жауапкершілік. Сондықтан шығысқазақстандық өндірушілер халықаралық талаптарға жауап беруге тырысады. Ал шетелдік тұтынушылар үшін қазақ өнімі экологиялық тазалығымен тартымды.

Мысалы, Шығыс Қазақстанның балы Қытай нарығына көптеп жөнелтіліп жатыр. Үржар ауданында өткен жылы 250 тонна бал өндірілсе, оның 150 тоннасы шекара асқан. Қыс ортасының өзінде омарташылар өнімдерін ауданда өтетін жәрмеңкелерге шығарып, нәтижелі саудалап жатыр. Ал қойнауы қазынаға толы Тарбағатай тауының бөктерлерінде осы кәсіпті игеріп, шаруасын дөңгелетіп отырғандар қатары жыл өткен сайын артып келеді. 

АСЫЛХАН ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ, ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТЫ:

Біз мына Қытай елінен Қазақстанға жиі келіп тұрамыз. Бал өте жақсы, сапалы. Біз жақтан арзан. Өте бағаланады, жақсы.

СЕРІК СӘДУАҚАСОВ, ҮРЖАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жылдан жылға бізде бал арасымен жұмыс жасайтын адамдар көбейіп келеді. Біз мысалы, алдыңғы жылдары кішкене төмен болып еді, былтыр 250 тоннаға жеткізетін болсақ, биыл 300 тоннадан асамыз ба деп отырмыз. Себебі жастардың көбі бал арасымен жұмыс жасаймыз деп отыр.

Ал Қызылорда облысы ТМД мен Еуропа елдеріне балық пен тұз өнімдерін жеткізеді. Қазір 17 мың тоннадан астам балықты қабылдап, өңдеп, өткізе алатын 7 зауыт жұмыс істеп тұр. Ал ғасырға жуық тарихы бар «Аралтұз» кәсіпорны өткен жылы 444 мың тонна тұз және таза натрий хлоридін өндірді. Арал ауданы экономикасын әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында биыл 17 өндіріс орнын іске қосу жоспары бар. Мысалы, биыл кальцилендірілген сода өндіретін зауыттың құрылысы басталады. Жоба республикалық Индустрияландыру картасына енгізілген.

МҰХТАР ОРАЗБАЕВ, АРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Елбасының Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару көлемін 40 пайызға ұлғайту тапсырмасы берілген. Осы орайда өткен жылы Арал ауданында 4 мың 57 тонна балық терең өңделіп, экспортқа шығарылса, 179 мың тонна тұз өнімдері өңделіп, экспортқа шығарылды. Биылға міндетіміз осы шығарылған өнімдердің көлемін 2 есеге ұлғайту мақсатында жұмыс жасап жатырмыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер